Мереке күндері қоғамдық қауіпсіздік қаперден шықпайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың сәуір айында ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Полиция жұмысын бағалаудағы басты шарт – халық сенімі» деген болатын.

Осы мақсатта алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шымкент қалалық Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеу тәртібіне көшеді. Яғни осы жылдың 14-18 желтоқсан аралығында барлық полиция қызметкерлері қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс атқарады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Бұдан бөлек, Шымкент қалалық Полиция департаменті қызметкерлері 2019 жылғы 9-желтоқсанынан бастап республикалық «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуді бастады. Ол шара бүгін яғни, 13-желтоқсанда түйінделеді. Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабы (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және 297-бабы (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша 10 қылмыстық құқықбұзушылық жайттарын анықтады.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық орындарда және көшелерде қылмысқа қарсы күресті күшейту, құқық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын-алу және жолын бөгеу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Ағымдағы жылдың 9-жетоқсанында басталған бұл шара 31-желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің 11-желтоқсанда таратқан мәлімдемесі бойынша қала сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында
115 қылмыстың ізін суытпай ашқан. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша
1296 іс анықтаған. Оның ішінде 202-cі ұсақ бұзақылық, 413-і спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орында мас күйде болу, 6-уы қарсы бағытқа шығу, 531-і көші-қон заңнамасын бұзу болып табылады.
Шара аясында 268 жалға берілетін пәтер тексерілді. Нәтижесінде салық органдарында тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 268 жайты анықталған.
Қабылдап-тарату орындарына 10 адам, ал уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына 72 азамат жеткізілген.

 Ж. АРМАНОВА.