«ҚАРАТАУДЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ КӨМЕК СҰРАҒАНҒА «ЖОҚ» ДЕМЕЙДІ»

Абзал ӘЛІҚҰЛОВ, Шымкент қаласы,  Қаратау ауданының әкімі:

Таяуда Шымкент қаласы, Қаратау ауданында «Шымкент – қайырымды қала» акциясы болды. Шараны аудан әкімдігі ұйымдастырды. Аталған акция аясында аудан әкімдігі бірқатар кәсіпкерлерге көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем беру туралы ұсыныс жасаған. Өз кезегінде аудандағы кәсіпкерлер бұл ұсынысқа бірден келісе кеткен. Нәтижесінде 70 отбасыға 4 миллион теңгенің азық-түлігі мен тұрмысқа қажет заттары үлестірілген.

Қайырымдылық шарасына атсалысқан «Пионер», «Дары Сайрама», «Асыл май» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Маханова» жеке кәсіпкерлігіне аудан әкімі Абзал Әліқұлов зор алғысын айта келе, «Әрдайым көмекке мұқтаж азаматтар үшін жасалатын шараларға қолдау көрсетуден жалықпайтын жаны жомарт кәсіп иелеріне тек сәттілік пен табыс тілейміз» деп ізгілік айтты.
Өз кезегінде аудан әкімдігігің мамандары қаратаулық кәсіпкерлердің сабақ болар сауап істері осыменен шектелмейтінін, бұған дейін де талай қайырымдылық істердің ортасында жүретінін, көмекке мұқтаждарға жоқ демейтінін алға тартады. Мысалы бұған дейін олар «Қайнарбұлақ» саяжайында тілсіз жаудың салдарынан үйіне зақым келген бірқатар отбасылардың баспанасын қайта қалпына келтіру жұмыстарына, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға материалдық көмек көрсетуде қолдау білдіріп, азаматтығын танытып келген екен.
Сөз соңында Қаратау ауданында өткізілген «Шымкент – қайырымды қала» акциясы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қолдауымен өткізілгенін айта кетейік.

С. НҰРАЙ.