МҮЛІКТЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУДАН ТҮСКЕН ҚАРЖЫ ҚАЗЫНАҒА АУДАРЫЛАДЫ

Биыл Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
комитетінің №1322 бұйрығына сәйкес Шымкентте 52 қызметтік автокөлік электрондық аукцион арқылы сатылды.

Сатылым бағасы – 34 330 464 теңгені құрады. Бұдан бөлек ағымдағы жылдың 1-желтоқсанына дейін Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен 32 жалға беру келісім шартын түзді. Жалға берілген жайға есептелген 14 774 325 теңге республикалық бюджетке аударылды.
Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Ақылбек Қарабалаев мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, мүліктерді тиімді пайдалану үшін департамент тарапынан Шымкент қаласындағы 34 мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің алаңдарына талдау жүргізілгенін айтты. Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде аумақтық бөлімшелерінің алаңдарында жалпы алаңы -13264 шаршы метр артық жай анықталған. Оның 5838,4 шаршы метрі пайдалы алаң. Пайдалы алаң ретінде анықталған жайдың 5350,4 шаршы метріне оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Яғни ол жерлерге мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері орналастырылды. Бұл процесстен үнемделген бюджет қаражаты 29 283 000 теңге кұрады. Қазіргі таңда пайдалы алаң ретінде анықталған 5838,4 шаршы метрден қалған 488 шаршы метр жайға оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Артық жай ретінде анықталған 13264 шаршы метр жайдың 7425,6 шаршы метрі оңтайландыруға жатпайтын аумақ болып табылды.
Осы деректерді мәлім еткен Ақылбек Жамалбекұлы 2019 жылдың нәтижесі бойынша департаментпен 75 қабылдау-өткізу актісі бойынша, бағалау құны 1 213 398 280 теңгені құрайтын 824 945,4 бірлік мүлік мемлекет меншігіне қабылданғанын, және бағалау құны 3 035 462 теңгені құрайтын 639 бірлік мүлік сауда-саттыққа қойылғанын, сауда саттыққа қойылған 566 439 теңгені құрайтын 417 бірлік мүлік сатылғанын хабардар етті.
Брифинг барысында Ақылбек Қарабалаев «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды төмендегідей саралады.
– «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасы бойынша бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық бөлімшелері (Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен оған қарасты аудандық басқармалары, Шымкент қаласы бойынша қазынашылық департаменті және Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті) орналасқан әкімшілік ғимараттары Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгеріміне ғимараттарды күтіп ұстау қызметтерін қамтамасыз ету үшін берілген. Әкімшілік ғимараттарды күтіп ұстауға республикалық бюджеттен 18 130,0 мың теңге бөлінген. Биыл бұл қызмет түріне 14 368,8 мың теңгеге «Оңтүстік Қазақстан облыстық ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамы бірлестігінің оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қызмет түрі көрсетіліп отыр.
Сонымен қатар, ғимараттарды күндізгі және түнгі уақыттарда күзету қызметіне 9 872,4 мың теңге қаралды, мемлекеттік сатып алу қорытындылары негізінде 7 158,0 мың теңгеге келісім шарт түзілді.
Бұдан бөлек, автокөліктерді ұстауға бөлінген қаржы есебінен 7 мемлекеттік мекеме жалдама автокөлік қызметімен (Аутсорсинг қызметі) қамтамасыз етілді, аталған қызмет түріне 5 011,5 мың теңгеге келісім шарт жасалды.
«Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасы шеңберінде орындалған осы және өзге жұмыстарды мәлімдеген А. Қарабалаев ағымдағы жылы департамент тарапынан теңгерімдегі әкімшілік ғимараттарын жаңарту бойынша бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де жеткізді. Атап айтқанда 2 әкімшілік ғимаратын жөндеу жұмыстарына 31 472,0 мың теңге бөлінсе, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде 17 651,6 мың теңге қаражатқа келісім шарт түзіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, үнемделген қаржыға 6 әкімшілік ғимараттың ішкі және сыртқы элементтері және мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз кіріп-шығуы тиісті стандарттарға сәйкестендірілген.

 С. НҰРАЙ.