ШЫМКЕНТКЕ «ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ» СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Аптаның алғашқы күні 9-желтоқсанда Беларусь Республикасының Брест қаласында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасы» іс-шарасының жабылуы салтанатты жағдайда өтті.

Шарада тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің рухани мәдени байланысын нығайтып, әлеуметтік, экономикалық, туризм саласының дамуына серпін беретін «ТМД елдерінің астанасы» сертификаты Шымкент қаласынан барған делегат басшысы Қайрат Нұртайға салтанатты жағдайға табыс етілді. Осылайша үшінші мегаполис «Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» сертификатын ресми түрде қабылдап алды.
Брест өзінің ТМД елдерінің мәдени астанасы болған бір жылда атқарылған жұмыстарын салтанатты жағдайда қорытындылау шарасына Шымкенттен барған арнайы делегат қатысты. Делегация құрамын қала әкімінің орынбасаы Қайрат Нұртай бастап барды.
«ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасын Шымкент қаласынан келген делегатқа тапсыру аясында Брест қаласында бірнеше іс шаралар өтті. Атап айтқанда ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының (МГЫҚ) отырысы өтіп, онда Брест қаласында Достастықтың мәдени астанасы ретінде атқарылған жұмыстар сараланып, оның қорытындысы талқыланды. Журналистер үшін арнайы баспасөз жиындары ұйымдастырылды. Жан-жақтан келген қонақтар «Брест қорғаны» мемориалдық кешеніне барып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң Брест академиялық драма театрында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасының» қорытынды жабылу кешін тамашалады. Мерекелік концертке ТМД елдерінің үздік өнерпаздары қатысып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Қ. ҚАЛИЕВ.