Мегаполистің «Қазығұрт» командасы үшінші орынды місе тұтты
16-желтоқсан Қазақстан Ресупбликасы Тәуелсізідігі мерекесіне орай Түркістанда «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде әйелдер арасында баскетболдан халықаралық жарыс өтті.
Азия мен Қазақстан командаларының арасында болған турнир өте тартысты болды. Аталған ойынға кіл мықты ойыншыларымен талай байрақты бәсекелестерде танылып жүрген Қырғызстанның «Эделвейс» командасы мен еліміздің ең үздік деген командалары өрнекті ойын көрсетті.
Ойыншылар шеберліктерін барынша шыңдап келген жарыста Ақтау қаласының «Каспий» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын Түркістан облысының «Тұран» командасына бұйырды. Ал Шымкент қаласының «Қазығұрт» баскетбол командасы үшінші орынды місе тұтты.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз командалар мен үздік спортшы қыздарға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев арнайы Алғыс хаттарды табыстады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.