ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдық тарихын мақұлдады
Өткен қараша айының 12-27 күндері
аралығында Франция астанасы Парижде ЮНЕСКО-ның 40-Бас конференциясы болып өтті.
Аталған жиында Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ұйымға мүше 193 мемлекеттің ортақ шешіміне сәйкес ЮНЕСКО Хатшылығына аталған мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысу тапсырылды. Бас конференцияның пленарлық жиналысында Қазақстанның Франциядағы елшісі әрі ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев ұйымға мүше мемлекеттерге еліміздің ұсыныстарын қолдағандары үшін алғыс білдіріп, оларды аталған мерейтойларға, және қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде және шетелде өткізу жоспарланып отырған іс-шараларға қатысуға шақырды.
Қаперлеріңізде болса Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар көне қала екенін Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушiлер біраз жыл бұрын дәлелдеген болатын. Бұл ғылыми тұжырым ескі қалашықта табылған жәдігерлерге сүйене отырып жасалған. Десе де ғалымдар ЮНЕСКО ның мақұлдауын күткен-тін.
М. ӘБДІРАЙЫМ.