ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАЙДЫ

Шымкентте 68 мектеп директоры және 31 бас дәрігер халықпен байланыста болудың қолжетімділігін арттырып, нәтижелі жұмысқа қол жеткізу үшін жұмыс кабинеттерін ғимараттың бірінші қабатындағы бөлмеге ауыстырған. 

Нәтижесінде тұрғындардың шағымы 50 пайызға төмендеп, мектептер мен емханаларда қосымша бөлмелер пайда болған. Мекемедегі орын алған өзекті жағдайларға бірінші басшының шұғыл түрде араласуы қанат жайды. Өз кезегінде бұл жұмыстар «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қатысуымен орын алды.
Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев мәлімдеді. Өз кезегінде ол осы жылда атқарылған жұмыстарын былай деп саралады.
– Қаладағы фронт-офистер саны 25-ке жеткен. Мемлекеттік аппараттың трансформациясы нәтижесінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов әр айдың үшінші жұмасында «Шымкент – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алаңында азаматтарды қабылдауы жолға қойылды. Халықты жұмыспен қамту орталығында «Жылжымалы жұмыс кестесі» жобасы енгізілді. Бұл жоба азаматтарды үздіксіз қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған орталықты қаладағы төрт аудан бойынша төртке бөлу жөнінде шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде ондағы ұзын-сонар кезектің келмеске кетіп, арадағы делдалдардың жойылуына сеп болмақ.
Осылай деген Ерасыл Төлебаев «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қалалық Полиция департаментімен де тығыз байланыста жұмыс жүргізуі жалғасатынын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 5 театр мен цирк мекемесі тикетон – электрондық билет сату жүйесі арқылы жұмыс жасайтынын хабарлады.

М. ӘБДІРАЙЫМ.