КӘСІПТІК МАМАН НӘСІПСІЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ
Шымкентте техникалық кәсіптік сала бойынша 11 мемлекеттік,
19 жекеменшік арнаулы орта білім беру ұйымы бар.
Онда 27 мыңға жуық студент 10 кәсіптік және техникалық сала,
75 мамандық бойынша білім алады.
Биыл 446 бітіруші жас маманның 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Дей тұрғанмен бұл барлық сұранысты қамтып отырған жоқ. Яғни қазіргі таңда Шымкенттегі кәсіпорындарда 2000-ға жуық маман жетіспейді. Жыл сайын жүргізілетін талдау көрсеткіші осыны көрсеткен.
Бұл туралы Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде өткен республикалық семинар-практикумда айтылды. Республикалық жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген 200-ге тарта колледж оқытушысы қатысты.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы, Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпкер» холдингі ұйымдастырған семинарда мамандардың жетімсіздігі мәселесін шешудің жолдары жан-жақты талқыланды.
Жиында мамандардың жетімсіздігі мәселесін шешу бағытында үшінші мегаполисте қолға алынып жатқан жұмыстар сөз етілді. Атап айтқанда биылдан бастап оқу бағдарламасына енгізілген «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін Шымкенттегі 7500-ге жуық жас меңгеріп алған. Сонымен қатар кәсіпорындарда жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне тәжірибелік дәрістер өту жолға қойылған.
Өз кезегінде «Кәсіпкер» холдингінің өкілдері колледжден түлеп ұшқан мамандардың сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету үшін оқу орындарында инновациялық технолгияларды енгізуді, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, шетелдегі жетекші компаниялардың озық тәжірибесін енгізу мен ІТ технолгиялар бойынша оқу үдерісін жандандыруды алға тартты. Сондай-ақ, ағылшын тілін білудің артықшылықтары да айтылды.
М. ӘБДІРАЙЫМ.