КЕЛЕСТЕ ҚАТАРЫНАН ТӨРТ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Түркістан облысы, Келес ауданында бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Бұл тұрғындардың қуанышын еселей түсті.
Айтулы күн қарсаңында Біртілек ауылдық округіндегі Р. Әлібекұлы атындағы жалпы орта мектеп ел игілігіне тапсырылды. Нысан 300 орынға лайықталған. Аталған мектептің ғимараты 1978 жылы салынған. Бірақ онда спорт залы, асхана, қосымша үйірмелер жүргізу үшін сынып бөлмелері жетіспейтін. Жаңадан бой көтерген білім ұясында спорт зал бар. Сонымен қатар онда тігін және ағаш ұстасы сынды түрлі үйірмелердің жұмыс жасауы қамтамасыз етілген.
Мектептен бөлек, Біртілек ауылдық округі мен Еңбекші елді мекені сапалы электр қуатымен қамтылып, 13 шақырым көше жиегіне жарықшамдар орнатылды. Жүзімдік, Көкбұлақ елді мекендерінде су жүйесі ашылды. Өз кезегінде бұл аталған ауылдарда ауыз су тапшылығы мәселесінің шешілуіне жол ашты.
Ж. АРМАНОВА.