ТЕРІСКЕЙЛІК ӨРЕНДЕР ТОП ЖАРДЫ

Түркістан облысында биыл үшінші рет өткізіліп жатқан «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауы қорытындыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен өткен шараға аймақтың 16 аудан, қаласынан іріктелген 47 жырсүйер бала «Қобыланды батыр» жырын бастан-аяқ жатқа айтудан сайысқа түсті.
Өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын оятып, халық арасындағы батырлық эпостарды насихаттау, балаларды қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысқой, қайсарлық қасиеттерге баулу мақсатында ұйымдастырылған байқау үш кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде бағы мен бабын қатар сынаған қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтса, екінші кезеңде әдебиет, руханият тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынады. Екі кезеңде де ең жоғары ұпай жинаған таланттар шешуші сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашу бойынша қазылардың сұрақтарына жауап берді. Тартысты өткен байқауда Созақ ауданының тумасы Өсер Тұран бірінші орын алып 1 млн. теңге алса, оны дайындаған ұстазы Әметова Асылзатқа 2 млн. теңге қаржылай сыйлық берілді. Екінші орынды тағы да теріскейлік өрен Шалтай Рәбия жеңіп алды. Ұйымдастырушылар оған 600 мың теңге, ұстазы Сәнкібаева Жазираға 1 млн. 200 мың теңге қаржылай сыйлық табыстады. Жүлделі үшінші орын иегері Төлеби ауданынан қатысқан Тұрмахан Нұрсұлтанға бұйырды. Оған 300 мың теңге, ұстазы Сәндібаева Ләззатқа 600 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.

Ж. АРМАНОВА.