Абылайға ауыр айып тағылды

Бұл апта шымкенттік ақ халаттылар үшін күтпеген жаңалықтан басталды.Қаладағы №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай күрделі ота – адам ағзасын трансплантациялау бойынша заңсыз істерге барды деген күдікке ілініп, қамауға алынған.

Бұл туралы ресми деректі еліміздің ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Адам ағзасын ауыстыру отасының қыр-сырын меңгерген маман ретінде тек Шымкентке ғана емес, елімізге танымал болған Абылай Донбайға ҚР ҚК 264-бабы 2-тармағында көзделген трансұлттық қылмыстық топқа қатысу және 116-бабы 3-тармағы яғни, адам ағзасын заңсыз алу қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылуда.
Ведомства өкілдері таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2017-2018 жылдары Қазақстанда адам ағзаларын трансплантациялау бойынша қылмыстық топ әрекет еткен. Топтың ұйымдастырушысы шетелдік азамат болған. Қылмыстық топ өздерінің заңсыз әрекеттерін іске асыру кезінде донор ретінде тұрмыстық ауыр жағдайға тап болуы салдарынан бүйректерін сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары тартылған. Ал ағзаларды сатып алушылар алыс шет елдердің, көбіне көп Израильдің бай бағландары болған.
Тергеу барысында Абылай Донбай қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін біле отырып, олармен алдын ала келісу арқылы адам ағзасын сатып алу-сатуға заңнамада тыйым салынғанына қарамастан қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияларын жүргізгені анықталған.
Елімізде отандық трансплантологияның қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандар саусақпен санарлықтай ғана. Соның бірі Абылай Донбай. Бүгінге дейін ол 100-ден аса бүйрек және бірнеше бауыр ауыстыру отасын жасаған. Осы жылдың мамырында ол өзі басшылық етіп келген №1 клиникалық ауруханада туыстық бауыр трансплантациясын 5 сағат 48 минутта жасап еліміз бойынша рекорд орнатқан болатын. Және сол уақыттарда ол №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері ретінде жергілікті басылымға берген сұхбатында «… Ақылы бүйрек ауыстыру отасын 20 шақты шетел азаматына істедім. Олар өздерінің донарларымен келген. Ол кезде еліміздің заңында донордың келісімімен ота істеуге болатын. Ал қазір заң бойынша туыстық донорға ғана рұқсат етілген» деп мәлімдеме берген еді.

А. САТЫБАЛДЫ.