КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР КӨМЕКСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамды диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған тапсырмасы негізінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері көзделген заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Осыған орай атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері бойынша 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нұрсейітов журналистерге берген брифингінде осылай деді.
Департамент басшысы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндіру барысында 4 баласы бар отбасыларға 42500 теңге, 5 балаға -53125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленетінін айтты.
Сонымен қатар ол, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға орташа мөлшері 16100 теңгені құрайтын мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала беретінін жеткізді.

С. НҰРАЙ.