АРЫСТЫҢ БАС ҚАҚПАСЫНЫҢ ЛЕНТАСЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚИЫЛДЫ
Қаланың кіреберіс қақпасы — Арыс шаһарының тағы бір сәулетті туындысына айналды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын мойнына алып, қаржыландырған — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы.
Ашылу салтанатына ҚР Кәсіподақтар федерациясың төрағасы Ералы Тоғжанов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, тұрғындарға құттықтау тілектерін білдірді.
«Өңіріміздегі сәулеттік жобалардың ұлттық нақышта болғаны құба – құп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аумақты айшықтайтын көріністер жаңа жобаларда көрініс тапқанына назар аудару өте маңызды. Маусымдағы қайғылы оқиғадан кейін қолға алынған Арыс қаласын жақсылыққа бастайтын берекелі қақпа болады деп сенемін», — деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы өз сөзінде қақпаның құрылысын қолдап, көмек берген еліміздің Кәсіподақтар Федерациясы басшылығына алғысын білдірді. Кез келген шаһардың өзіне тән қайталанбас, айрықша келбеті болады. Осындай мазмұны мен мағынасы зор айтулы жобаға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы демеушілік жасаған. Арыс қаласының көркейіп, гүлденуіне бір кісідей жұмыла кірісу бүкіл елге ортақ іс болды. Қаланың Бас қақпасы соның тағы біл дәлелі болса керек. Салтанатты жиынға «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы мен ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Ашылған қақпадан алғашқы болып облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бастаған топ жаяу жүріп өтті.
Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.