«КЕДЕРГІСІЗ» ФРОНТ-КЕҢСЕНІҢ КӨМЕГІ КӨП

Шымкент қалалық соты ғимаратында «Кедергісіз» құқықтық көмек беретін фронт-кеңсе ашылды. Салтанатты жағдайда ашылған кеңседе көмекке жүгінген азаматтар үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Тіпті балаларға арналған бұрыштар бар.
Барлығы алты бөлмеден тұратын фронт-кеңседе прокурор, медиатор және адвокаттар қызмет көрсететін, ақпараттандыру және татуластыру бөлмелері бар. Өз-өзіне қызмет көрсететін бөлмеде жұмыс істейді.
Кеңсе құқықтық қызметтерді сапалы деңгейде жүргізетін техникалармен және жұмсақ жиһаздармен қамтамасыз етілген. Ғимараттың кіреберісіндегі ақпараттандыру орталығында тұрғындар кеңес беруші қызметкерлердің көмегіне жүгіне алады.
Фронт-кеңсенің ашылуына Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбековпен қатар, сот жүйесінің ардагерлері, қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, сот мамандары, прокурорлар және медиаторлар қатысты.

С. НҰРАЙ.