ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ХАЛЫҚ ТАЛАБЫМЕН ҮНДЕСЕДІ

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы ел тірлігіне араласып жүрген азаматтарға зор жауапкершілік жүктеді. Жолдауда билік басында отырған барлық азаматтарға «қатардан ассаң да халықтан аспақ жоқ» екені төңірегінде маңызды ойлар айтылып, жоғары деңгейде жұмыс істеу қажеттігі ашық меңзелді. Оған Президенттің өз Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш жігерімізді салуымыз қажет» дегені дәлел.
Бұл Түркістан облысындағы 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерлерге жұрт үшін жұмыла жұмыс жүргізіп, олардың талап-тілектері мен өтініштеріне дер шағында назар аударып, нәтиже шығару міндетін артып отыр деген сөз. Соған сәйкес, енді елімізде жауапты қызметкерлердің жұмысқа жүрдім-бардым қарауы немесе жауапкершіліктен сытылып шығуының барлық жолдары жабылып, кемшіліктерге жол бергендерге қолданылатын тәртіптік шара барынша күшейтілетін болады. Себебі, бүгінгі қоғам ондай оспадарсыздыққа көніп, төзіп отырмайды. Алысқа бармай-ақ, жыл басынан бастап еліміздің әр аймағында азаматтардың түрлі жағдайлар бойынша наразылыққа шығып, толқығаны сол сөзімізге тұздық. Бұқара биліктен нақты әрекет, нәтижелі жұмыс күтеді. Бұл орынды талап.
Мемлекет межесі – дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Осы мақсатқа апарар жолда қабылданып жатқан шешімдер, қолға алынып жатқан жұмыстардан тұтас жұрт құлағдар болуы қажет. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс салтын арттыру мақсатындағы тірліктердің түгелі бұқараға бүкпесіз жеткізілгені абзал. Және олар тарапанынан қойылған шарттар мен шағымдар дер кезінде назарға алынуы қажет. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет» деген талабымен үндес.
Жолдауда «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» делінген. Президенттің бұл сөзі халықты толғандырған мәселелерді билік мінберінде отырғандарға жеткізуі тиіс барлық мандаттыларға айтылған сын-ескертпе екенін ашық мойындауымыз керек. Бұл талап тұрғындардың даусын жинап, депутат атанған азаматтарды ширатады деп санаймын. Саяси жүйенің тұрақтылығына негіз қалайтын мұндай талаптан нақты қорытынды шығармағандарды уақыттың өзі алаңнан шығарып, оның орнын қолынан іс келетін іскер, ісмер азаматтар алмастырады деп білемін.
Жуырда еліміздің Статистика комитеті биылғы 1-тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың саны 18528,9 мың адамды құрағанын мәлім етті. Жалпы 2018 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда еліміздегі халық саны 236,2 мыңға артқан. Түркістан облысы жалпы өсім көп байқалған өңірлер тізімінде үшінші орыннан көрінген. 2018 жылдың маусым айында орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіріп, Түркістан облысы болып қайта құрылған аймақтың құлашы кеңге жайылып келе жатқанымен қатар, ондағы халықтың көбеюі қуанарлық жағдай екеніне ешкім дау тудырмас. Иә, қазіргі таңда тарихы бай өңірдің орталығын киелі кент Түркістанға көшіргеннен бастап, түрлі жобалар қолға алынып, құрылыс қарқын алғаны белгілі. Түркі елінің ортақ мекені болған Түркістан қаласы облыстың әкімшілік іскерлік орталығы ретінде жаңа реңкке еніп келеді.
Бұл жұмыстар әу-баста жан-жақты кеңесіп жасалған жоба-жоспар негізінде атап айтқанда, тарихи аймақ, рухани мәдени аймақ, әкімшілік іскерлік аймақ бойынша үш бағытта дамудың жаңа дәуіріне аяқ басуда. Соның негізінде қалада 1538 пәтерлік 26 үй, бұдан бөлек 2724 пәтерлі 22 көп қабатты «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй алабы, фитнес, медиа орталықтар, мектеп, оқушылар сарайы, кинотеатр, стадион, саябақ және т.б нысандар бой көтермек. Қаланың инфрқұрылымы жақсара түспек. Осы ретте «Жаңарған қала» деген мәртебеге қол жеткізудің ауылына жақындап келе жатқан шаһардағы халықтың рухани мәдениетін көтеру күн тәртібіне шыққаны белгілі. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек» дегені сол мәселенің шешілуіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін.
Соңғы жылдары елдің есін екеу, түсін төртеу еткен қылмыстарды жиі еститін болдық. Қылмыс хроникасында жазылып жатқан сол жантүршігерлік жағдайлардың бірқатары біздің облысымызда тіркеліп жатқаны өзегіңді өртейді. Мемлекет гуманизмге барынша бет бұрғанымен, «сыйлағанды білмейтін жамандардың» жолын бөгейтін жол – қатаң жаза екенін уақыттың өзі көрсетіп тұр. Жолдауда «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деп шегелеп, көпті толғандарған тақырыпты тап басуы, оның тағы бір шешімтал әрекеті болды.
Бүгінде осы мәселе бойынша қоғам арасында қызу талқылау болып жатқаны аян. Бірқатар қоғам белсенділері кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты құқына қол сұққан қасиетсіздерді өмір бойына бас бостандығынан шектеу қажет десе, енді бірі ондайларға сот өлім жазасын кесу керек дегенді айтуда. Дей тұрғанмен адамдарға жаза тағайындау оңай дүние емес екенін де естен шығармаған абзал. Осы орайда заң шығарушы орган педофилия мен зорлық-зомбылықпен күресте нәтижелі көрсеткішке қол жеткізген елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, сүзгіден өткізілген шешімге келуі керек деген азаматтық пікірімді білдіре кеткім келеді.
Президенттің «Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын» дегені барлық қазақстандықтар үшін көзайым хабар болғаны анық. Біраз әлеуметтің әлеуетін көтеруге зор серпін беретін Президенттің бұл тапсырмасын іске асыру механизмі Ұлттық банкке жүктеліп отырғаны белгілі. Олар тапсырманы іске асырудың тетігін жаңа жылға дейін нақтылайды. Жалпы мұндай тәжірибенің жемісті болатыны біраз дамыған елдерде зерттеліп, дәлелденген дүние. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында айтып өткен бұл жүйені өзге дамыған елдердегі тәжірибеге сүйене отырып жариялады. Мәселен, Малайзия елінде қажылыққа баруды мақсат еткен адам қажет қаржыны зейнетақы қорынан алуына болады. Ал, Сингапурде зейнетақы қорындағы ақшамен үй алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, дамыған елдерде қолданысқа әлдеқашан енгізіліп, өз нәтижесін берген мұндай нұсқа біраз қазақстандықтардың төрт құбыласын тең етуге түрткі болмақ.
Агроөнеркәсіптік кешен секторы Қазақстан экономикасы үшін жетекші мәнге ие. Осы тұрғыда оның ырғақты дамуының ойдағыдай іске асуы зор рөл ойнайды. Бірақ бұл мәселеге келгенде де көз жұма қарауға болмайтын тұстар жетерлік екені Жолдауда ашық айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен» деп, жер ресурстарын тиімсіз пайдаланудың салдарымен күресуді айтты. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған бұл талап өте дер шағында айтылған ескертпе болды. Расымен де қазіргі таңда Қазақстанда төрт түлікті мал азығымен қамту көрсеткіші 100 пайыздық көрсеткішке жетпейді. Арнайы жүргізілген сараптау нәтижесінде қорадағы малымызды жем-шөппен қамту көрсеткіші 60 пайызға әрең жуықтайтыны анықталған. Осы олқылық жеткілікті деңгейдегі мал басымыздың барлығын күтіп баптап ұстауға кері әсерін тигізуде. Нәтижесінде біраз шаруалар төрт түліктің обал-сауабына қалмас үшін оларды өзге елге арзан бағаға сатып жатқаны ақиқат. Жем-шөп азығы қорының жеткіліксіздігі күрмеуі көп мәселенің біріне айналуына жалға алған жерді игермей, қоршап, құр күзетіп отырған азаматтар да көп кесірін тигізіп отыр. Іс тетігін таба алмаған сол азаматтардан жерді мемлекет меншігіне қайтаруды талап ету ауылшаруашылық саласына жасалған зор қамқорлық болмақ. Жалпы бұл тұрғыдағы жұмыстар бұған дейін де жүргізіліп келген. Оған облыстық прокуратураның осы жылдың І- жартыжылдығын қорытындылау кезінде өңірде игерілмей жатқан 33 мың га жердің мемлекетке қайтарылғаны туралы дерек таратқаны дәлел. Ендігі кезекте Жолдауда жүктеген міндеттерге сәйкес бұл бағыттағы жұмыстардың қарқын алатыны айтпаса да түсінікті.
Жолдау жүктеген тағы бір зор міндет – ол ауыл тұрмысын жақсарту. Сұраса келе қарын бөле болып шығатын әрбір қазақтың тамыры сол алтын бесік ауылда екені аян. Ауыл біздің ең басты құндылығымыз болып қала бермек. Сондықтан да оның әлеуетін көтеру Сіз бен біздің басты бағыттарымыздың бірі. Оны қалай жүзеге асыру қажеттігі Жолдауда нақты көрсетілген. «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» дегені сөзіміздің қайнар көзі. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізетіні» сынды, жақсы маманның ауыл жағдайын жақсарта түсетіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келешек иелерінің білім, білігін көтеру үшін жасап жатқан бұл бастамасы құптарлық әрі қуанарлық дүние деп білемін.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының хатшысы.