ЖӘРМЕҢКЕ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Өткен сенбіде Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Онда Түркістан облысы, Түлкібас ауданының ауыл шаруашылық өнімдері нарықтағы құнынан 10-15 пайыз арзан бағада қала тұрғындарына босатылды. Өз кезегінде бұл шара қала әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен жүзеге асты.
Жалпы Шымкентте Түркістан облысы диқандарының әбден күтіп, баптап өсірген өнімдерінің жәрмеңкесі бұған дейін де жүйелі түрде өткізіліп келген болатын. Бірақ былтыр Шымкент дербес қала атанып, облыстан бөлініп шыққаннан бастап, бұл үрдіс тоқтатылған еді. Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы Шымкентке әкім болып тағайындалғаннан бастап екі өңірдегі байланысты нығайта түсетін мұндай шаралардың кілт тоқтағанына қынжылыс танытып, оны қайта қолға алу қажеттігін қадап айтқан. Ол шымкенттіктер ауыл шаруашылық өнімдерін алыстан алдыртпай-ақ, әкімшілік аумағы бөлінсе де іргесі бөлінбейтін күнгейлік шаруалардың қолынан шыққан экологиялық таза өнімді тұтынудың тиімді тұстары көп екенін баса айтқан-тын.
Жәрмеңкеде түлкібастық шаруалар 13,7 тонна ауылшаруашылық өнімдерін саудаға шығарды. Өнімдердің жалпы құны 3,5 млн. теңгені құрады.
Айтпақшы осы шараға қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы келді. Ол сырттан келетін тауарлардың саудасын қыздырғанша, адамы аралас, қойы қоралас болып табылатын Түркістан облысы диқандарына қолдау көрсеткен абзал екенін айтты. Сонымен қатар ол, Түлкібастың алмаларын сүйсініп жейтінін де жасырмады.
Бұдан бөлек қала әкімі, алдағы уақытта Шымкентте әр апта сайын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетінін де атап өтті.

С. НҰРАЙ.