ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ҮШ АУЫСЫМДАҒЫ ҮШ МЕКТЕПТІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ
Шымкентте демографиялық өсім бойынша оң динамика сақталып келеді. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларының саны 22 мың өренге жуық болғаны соған негіз. Алайда халық санының өсуінен шаһарда үш ауысымды мектеп мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Қазіргі таңда қалада 19 мектеп үш ауысым жүйесі бойынша оқушыларға дәріс береді.
Аталған мәселені шешу мақсатында Шымкент қаласындағы мектептерге жан басына қаржыландыру жүйесі ендірілуде. Соған сәйкес қаладағы 11 жекеменшік мектепке 5 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылды.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталықта қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева мәлімдеді.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның таратқан мәліметтерінде Шымкенттегі А. С. Пушкин атындағы №1, О. Жолдасбеков атындағы №9, №16 жалпы орта мектебінде, З. Космодемьянская атындағы №23, Н. Ондасынов атындағы №38, Хамза атындағы №42, №45 мектеп-гимназиясы, №46 мектеп-лицейі, Т. Тәжібаев атындағы №47, №49, №53, №55 жалпы орта мектептері, С. Кубеев атындағы №56, Ы. Алтынсарин атындағы №65, №72, №80, №87, №92 жалпы орта мектептері мен Д. Нүрпейсов атындағы №116 мектептердің үш ауысымда негізде жұмыс істеп жатқаны көрсетілген. Және осы айда жан басына қаржыландыру жүйесі негізінде №16, 53, 92, 116 мектептеріндегі бұл мәселе өз шешімін табатыны айтылған.
Жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру аясында 2018 жылы жобалық қуаттылығы 2 400 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылған. 2019 жылдың шілде айына дейін қалада 1 500 орындық 2 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 1000 орындық 5 жекеменшік мектеп ашылады деп жоспарлануда. Осы арқылы сала мамандары үш ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
С. НҰРАЙ.