ШЫМҚАЛАҒА СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ КЕЛДІ
Шілде айында еңбек демалысына шыққан Сенат депутаттары өздері сайланған аумақтарға ат басын бұрып, түрлі нысандарды аралап, тұрғындар мұңын тыңдап жүргені белгілі. Осы аптада сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова өздері сайланған өңір Шымкентке келді. Олар қаланың белсенді жастарымен жүздесіп, кеңестерін айтты. Жуырда ғана ашылған «Белсенді өмір сүру» орталығына барып, аға буынның базынасына құлақ салды. Одан соң, қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, түрлі мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
«Белсенді өмір сүру» орталығына барған кезінде депутат Нұрлан Бекназаров «2002 жылдары Қазақстанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жасқа тең болатын. Сол кездегі президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бұл көрсеткіш 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Адамдардың денсаулығын нығайтып, ұзақ жасауы үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Шымкентте осындай мақсатпен және бұқаралық спортты дамыту бағытымен ашылған бұл орталықта Сіздерге барлық тиісті жағдайлар жасалған. Арнайы келіп, демалуға сенсорлық бөлмеден бастап, би алаңына дейін ұйымдастырылыпты. Дегенмен, көңіл сергітетін бұл орталық миллионнан аса тұрғыны бар мегаполиске аздық етеді», -деді.
Сонымен қатар ол, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу кезінде аталған кеңестің құзыретін көтеру бойынша тиісті ұсыныстарды жолдауларын алға тартты. Нұрлан Құдиярұлы бұл кеңес билік пен халық ортасында алтын көпір болып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса беретінін мәлімдеді.
Қоғамдық кеңес мүшелерімен болған отырыста сенатор Айгүл Қапбарова болса, халық тығыз орналасқан үшінші мегаполисте әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түспейтінін, сондықтан да алдағы уақытта жер, тұрғын үй, әлеуметтік көмек туралы түйіткілдерді шешуде тығыз байланыста жұмыс жүретінін мәлімдеді.
Депутаттар бұдан бөлек, «Шымкент сити» қалашығындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер мекемелерге нысанды дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек,
Нұрлан Бекназаров 2018 жылдың қазан айында Шымкенттен сайланған Сенат депутаты болған-тын. Ал Айгүл Қапбарова биыл маусым айының аяғында Сенат депутаты болып сайланған. Халық қалаулысы шілденің басында Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіне жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант берген болатын.
С. НҰРАЙ.