БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛАДЫ

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының бастамасымен елімізде урбанизация (қалалану) қолға алынған болатын. Осы бағытта Шымкентте оған іргелес жатқан аудандардағы 41 елді мекен қала территориясына өткізілген еді. Бірақ қазіргі таңда орталықтан шалғай жатқан ол шағын аудандарда инфрақұрылым мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Күні кешеге дейін қоғамдық көліктің жетімсіздігі жөнінде қалалық әкімдікке қарай өтініштер қарша бораған еді. Жыл басынан бастап әлеуметтік бағыттағы автобустардың жүргізілуі жағдайды біршама жақсартты. Ендігі кезекте оларды сапалы электр, таза ауыз сумен қамту басты мәселе.
Шымкенттің жаңа әкімі Ерлан Айтаханов қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап орталықтан шалғай жатқан елді мекендерді аралап, ондағы халықтың талап-тілегін тыңдады. Олардың жарық, жол, көгілдір отын сынды мәселелеріне ден қойған қала әкімі тұрғындардың шағымы орынды екенін баса айтып, оларды рет-ретімен шешуді бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ол:
– Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті барыс-келіс үшін жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз», — деді.
Сондай-ақ ол, осы сапары кезінде бюджеттегі қаржылар бірінші кезекте шалғай жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталатынын баса айтты.

С. НҰРАЙ.