ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 72 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған кезекті жолдауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру қажеттігін айта келе, «жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деген болатын. Осы бағыт негізінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында алға жылжу байқалып келеді.
Ағымдағы жылдың алты айында жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 пайызға, өңірлік өнімнің көлемі 265 млрд. теңгені құрап 25 пайызға, орташа еңбекақы көлемі 12 пайызға көбейген. Бюджеттің бүйірі де тоғая түскен. Қазынадағы қаржы 219 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 79 млрд. теңгеге ұлғайған. Индустрияландыру картасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 14 пайызға артып, 65 687-ні құраған. Қалада жаңадан 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, әлеуметтің әлеуеті артқан.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихаттың кезектен тыс 52-ші сессиясында мәлімдеді. Жиында депутаттар мегаполис басшысына жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдаған болатын.
Өз кезегінде Ғабидолла Рахметоллаұлы мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдеріне жыл басынан бастап бірнеше жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Біраз инвесторлармен келісімдер жасалған. Стратегиялық дамуға бастайтын бағдарламалар дайындалған.
Осы және өзге де жетістіктерді баяндаған қала әкімі алға қойған межелі мақсаттарды жүзеге асыру үшін депутаттар мен қала тұрғындарын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды. Межелі мақсат – Шымкент қаласын дамыту мен салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру, мегаполис аумағын толықтай газ, су және жарықпен қамтамасыз ету, инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашу, сол арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады.
Бұдан бөлек Ғабидолла Рахметоллаұлы үшінші мегаполисте тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жыл басынан бері 129 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 72 тұрғын үй ел игілігіне берілетінін, нәтижесінде 3625 пәтерде қоныстой болатынын атап өтті.

С. НҰРАЙ.