21 МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ ЖЫРЫ БІТПЕДІ

немесе масыл мен мұқтаждың аражігін білмегендер кімдер?

«Тегін ірімшік тек қақпанда
болады»

Осы аптада еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың келтірген мәлімдемесінің мағынасы осы тәмсілге саяды. Ол алдағы уақыттан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындардың саны мейлінше азая түсетінін ашық айтты. Оның бұл сөзі 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы және аз қамтылған отбасылардың құлағына түрпідей тигені анық.
Естеріңізге сала кетсек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен сәуір айынан бастап еліміздегі 806 мың адамның жан басына ай сайын 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған-тын. Бұл барлығы кіріс көзі төмен 160 мың отбасын құрайды. Соған сәйкес әрбір отбасы мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында орташа есеппен ай сайын 80-180 мың теңге әлеуметтік көмек алып, көңілдері біршама тоғайып жүрген еді. Алайда оның өзі ұзаққа созылмайтын сыңайлы.
Министр Бердібек Мәшбекұлы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын, бірақ жұмысқа толық қабілеті бар азаматтарды әлеуметтік келісімшартқа тұру негізі бойынша жұмысқа орналасуы қажеттігін, сол арқылы АӘК алатындардың санын қысқарту тұрғысындағы мәлімдемесін ең алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминннің алдына көлденең тартты. Іле арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистерге осы жайында қолға алынатын тірліктің мән- мазмұнын түсіндіріп берді.
Өз кезегінде министр:
– Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қойылар ең басты талап – әлеуметтік келісім-шартқа тұру. Соған сәйкес жұмысқа орналасу. Бүгінде АӘК алып жатқан қазақстандықтардың 393 мыңы жұмысқа жарамды. Соның ішінде 81 мың адам жұмысқа орналасуға міндетті. Қазіргі таңда осы санаттағы адамдардың 48 пайызы ғана жұмыс істеуде. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан да мемлекеттен көмек алатындар әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа міндетті түрде орналасуы қажет. Егер жұмысқа орналаспаса біз көмек беруді тоқтатамыз,-деді. Ол қойылған талап пен жазылған заң осындай екенін ашық айтты.
Мемлекеттің мұндай қадамға баруындағы ең басты мақсаты – масылдыққа жол бермеу болып табылады.
Мұқтаждық пен масылдықтың аражігін айыра білуіміз қажеттігін баса айтқан Бердібек Сапарбаев жұмысқа жарамды, тепсе темір үзетін азаматтардың үйде ауырмаған жамбаспен жантайып жатып алып, мемлекет беретін ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмекке иек артуы болмайтынын, ондайлардың санын қысқартатын жасырмады.
Жиын барысында министр Бердібек Сапарбаев кейбір өңірлерде осы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандардың бар екені туралы ақпаратты да айтып салды. Осы орайда министрдің саусағын бүгіп тұрып айтқан жәйттері табыстың дұрыс есептелмеуі мен азаматтардың жұмысқа орналаспауы сынды жағдайлар болды.
Бердібек Мәшбекұлы мұндай оралымсыздыққа жол бере берсек, азаматтардың өздері мемлекетке масыл болып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтарын жалқаулыққа үйретіп алатынын қадап айтты.
Жалпы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары болып табылады. Бұл өңірде 30977 отбасына АӘК тағайындалған. Ал Алматы облысында 21866, Жамбыл облысында 19793 отбасы, Шымкент қаласында 15460 отбасы мүшелерінің әрбіріне 21 мың теңге әлеуметтік көмек беріліп келеді. Әлеуметтік көмекті алу бойынша көшбасшы бестікті Қызылорда облысы түйіндеп тұр. Бүгінде Сыр өңірінде 12186 отбасы атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отыр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.