ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІҢ ЕСЕБІНЕН ЖАҢА МЕКТЕП ЕҢСЕ ТІКТЕДІ
Шымкенттегі «Ұлағат» мөлтек ауданында 1200 орындық жекеменшік мектеп ашылды.
Жеке кәсіпкердің қаражатымен салынған білім ұясында алдағы оқу жылында екі ауысымда 2400 бала дәріс алатын болады. Заманауи талаптарға сай етіп жабдықталған жекеменшік мектепке Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілді.
Алдағы уақытта мектепке баратын барлық балалардың төлем ақысы мемлекет есебінен қаржыландырылатын болады. Ғимараттың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Жалпы өңірлерде жекеменшік мектептер салу ҚР Білім және ғылым министрлігінің жүйесі бойынша Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жүзеге асып келеді. Мақсат – мектептердегі орын санының жетімсіздігін мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде ретке келтіру болып табылады.
С. НҰРАЙ.