ҮШІНШІ ҚАЛАДА ӘЛЕМДІК БРЕНДТЕГІ ШИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте «Пирелли» шина орталығы ашылды. Әлемдік брендтегі шина орталығы Қазақстан бойынша алғаш рет Шымкентте жұмыс істеуге кіріскен.
Енді жеңіл және жүк көліктерін тізгіндейтін тұрғындар темір тұлпарларына қысқы, жазғы сан алуан сапалы доңғалақтар мен дискілерді алыстан тапсырыспен алдыртпай-ақ, өз қаламызда тиімді бағада қол жеткізетін болады. Жаңа орталықтың ерекшелегі неде?
Бұл жерде италяндық дөңгелектер тұтынушыларға бір жылдық кепілдікпен босатылады. Сатып алушыларға шетелде арнайы оқудан өткен жұмысшылар әрдайым сапалы қызмет көрсетеді. Орталық сатып алынған шиналарға кепілдік аясында өз клиенттеріне жыл бойына техникалық қызмет көрсетеді. Яғни, шиналар тесіліп қалса, жүргізушілердің орталыққа келіп, тегін жаматып алу мүмкіндігі қарастырылған. Егер өнімдерді үйде қоятын жер табылмаса, орталықтағы сақтау орындарына әкеліп тапсыруға болады.
«Кама-Қазақстан» ЖШС-нің директоры Владислав Голоухов бұл орталықтың Шымкенттен ашылуына қаланың күн санап өркендеп жатқаны және осы жерде сапалы автокөліктердің көп тіркелгендігі себепкер болғанын айтуда.
Жалпы жыл сайын Шымкентте тіркелетін көлік саны көбеюде. Үшінші мегаполисте былтыр 2018 жылы 204 061 автокөлік тіркелген. Қазір солардың саны 215 470-ке жетті. Өткен жылдан бері тағы 11409 автокөлік қосылды.
Біз бұған дейін EnergyProm келтірген деректер бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында көліктерді сатып алу бойынша белсенді қалалар тізімінде Шымкент төртінші орында тұрғанын мәлімдеген болатынбыз.