ТАНИЕВА ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

Шымкенттің шынашақтай спортшы қызы абыройымызды асырып, мерейімізді тасытты.
Осы аптада көркем гимнастикадан Тайландта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Эльжана Таниева жеңіс тұғырынан көрінді. Үлкен спорттың барлық жанкүйерлерінің назарын өзіне аудартқан тартысты жарыста Эльжана 2 алтын, 1 қола медальді жеңіп алып, құрлықтық бәсекеде Әнұранымызды әуелетіп, Туымызды қалықтатты.
Осылайша шымкенттік гимнастшы қызымыз жасөспірімдер арасындағы жарыста Азия чемпионы атанып, небәрі 14 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін сәтті орындады. Спортшы қыздың бойындағы бабын шыңдайтын жаттықтырушы Лола Әділбекова болып табылады.
Намысты қолдан бермеген Эльжана Таниева бұған дейін де болашағынан зор үміт күттіретін ойыншы екенін дәлелдеп үлгерген. Ол былтыр Азия Кубогының чемпионы және ел чемпионы атағын алған. Үш апта бұрын көркем гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесі үшін болған жарыста FIG халықаралық турнирін жеңіп алған-тын.
Сөз соңында Эльжана Таниеваның еліміздегі ең жас спортшы екенін айта кетейік.

М. Әбдірайым.