АРЫСТАҒЫ АПАТ: Шымкент шұғыл қимылдап, көмегін аямады
Аптаның алғашқы күні тұтас ел үшін ауыр болды. 24-маусым күнгі Арыстағы әскери бөлімде оқ-дәрі сақтайтын қоймадағы тоқтаусыз жарылыс елдің есін алды. Тоқтаусыз
жарылыстан дүрліккен арыстықтар қаладан үдере көшкен. Осыған байланысты сол күні-ақ облыста төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік арыстықтарды жарылыс болған жерден алып шығып, оларды жақын маңдағы қала мен аудандарға жайғастыру мәселесіне кірісіп кетті. Сол күні жарылыстан зардап шеккен арыстық ағайындардың басым көпшілігі Шымкентке жайғастырылды. Ресми мәліметтерде Арыстағы халықтың жартысынан көбі, яғни, 26 мыңнан астам адам Шымкентке келгені айтылады.
Жалпақ жұрттың есін алған сол күнгі жағдайдан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек пен апатты алдын алу бойынша Шымкент қаласы тарапынан төмендегідей жұмыстар атқарылды.
Ең әуелі Арыстағы төтенше жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметі мен халықты эвакуациялау үшін автобустар нөпірі Шымкенттен шығып Арысқа қарай бет алған. Апат орын алған алғашқы күні Шымкентте 15 уақытша эвакуациялық пункт ашылды. Арнайы жіберілген автобустармен келген арыстықтар сол пункттерге жеткізілді. Бірақ қалаға қарай жеткізілген тұрғындардың күн сайын арта түсуінен эвакуациялық пункттер саны 49-ға дейін жеткен. Пунктте жалпы саны 26 691 арыстық азамат тіркелген. Бекеттерге орналастырылған азаматтар ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Зардап шеккендердің ең көп шоғырланған жері Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті болды.
Мұнымен қатар Арыс тұрғындарына көмек көрсететін арнайы штаб құрылды. Штаб жұмысына Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті, полиция департаменті, Шымкент қаласының әкімдігі және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, апат орын алған күннен бастап Шымкентте қалалық төтенше жағдай департаментінің шұғыл желісі жұмыс істеді. «Шұғыл желінің» іске қосылғандығы жөнінде тұрғындардың барлығына дерлік хабарлама жолданды. Сол арқылы азаматтар қауіпсіз жерге көшірілген барлық азаматтар туралы мәліметтермен бөлісті. Дәл осы қауырт желі арқылы балаларынан көз жазып қалған ата-аналар қара домалақтарын тауып, қауышып жатты. Сонымен қатар, көшіру кезінде түрлі себептермен ата-аналарының жанында болмаған балалар туралы мәліметтер қауырт желі арқылы хабарланды. Мұнымен қоса, қала әкімдігінің ресми сайтында «Арыс-Шымкент» арнайы бөлімі ашылып, ол сағат сайын қауіпсіз жерге көшірілген адамдар туралы мәліметтермен толықты. «Қауыр желіден» бөлек Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінде ватсап желісі іске қосылды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде ата-анасынан адасқан, бірақ, аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілген балалардың аты-жөндерінің тізімі көрсетіліп, жан-жаққа үздіксіз таратылды. Әлеуметтік желіде бірнеше арнайы парақша ашылып, табылған, ата-анасы әлі келмеген балалар туралы ақпараттар сәт сайын жаңартылып тұрды.
Шымкенттегі эвакуацияланған пункттерге орналастырылған халыққа көмек беріп, жәрдем көрсетуде кәсіпкерлер мен жергілікті халық белсенділік танытты. Тіпті көпшіліктің сұранысымен Арыста болған төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету есеп-шоты ашылды. Жергілікті билік есеп шотқа түскен қаржының есебі берілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арыстық тұрғындар жайғастырылған эвакуациялық пункттерге барып, ондағы халықтың хал-ахуалын көріп, жағдайларын сұрап, орын алған оқыс оқиғадан көңілдері шөгіп отырғандарға басу айтуды да назардан шығармады.
Эвакуациялық пункттерге жайғастырылған арыстықтарды ыстық тамақпен, қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде жергілікті халық пен кәсіпкерлер зор белсенділік танытқанын да айта кетейік. Бұдан бөлек жарылыс болған Арыс жерінен көшірілген халықты уақытша паналату үшін Шымкенттегі мектеп, колледж және университетпен қатар, жергілікті бизнесмендер меншік иелігіндегі ғимараттары мен жекеменшік білім нысандарының есігін айқара ашқанын да білген абзал.
Зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждығы үшін Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында уақытша қойма ашылды. Ол жерге демеушілер есебінен алынған азық-түлік өнімдері мен көрпе төсектер және зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждықтары үшін қолданылатын заттар жеткізілді.
Тоғыз жолдың торабы атанған Арыстағы апаттан соң шойын жолдағы «Шымкент-Арыс-Түркістан» бағыты жабылды. Осыған байланысты 13 жолаушы пойызы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының нұсқауымен ұсынылған кесте бойынша айналма жолдармен қатынауға көшті. Соған орай жүргек пойыздардың «Шымкент–Түркістан», «Түркістан–Шымкент» арасында жүруі уақытша тоқтатылды. Осы өзгеріске байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастырумен Шымкентке жүрдек пойызбен жеткен 3100-ден астам жолаушылар Түркістанға, ал Түркістандағы теміржол вокзалындағы 2000-нан астам жолаушылар арнайы қамтылған автобустармен Шымкентке жеткізілді.
Аптаның сәрсенбісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Арыстағы жағдайға байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Ең алдымен ол төтенше жағдай салдарынан қаза болғандардың туыстары мен отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Және де жоғарыда атап өткен көмектер бойынша төмендегідей статистикалық деректерді тілге тиек етті. Ол:
– Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарды Шымкент қаласына жеткізу мақсатында барлығы 56 автобус жұмылдырылған. Қазіргі таңда 49 көмек көрсету пункті үзіліссіз жұмыс жасап жатыр. Бүгінде Арыстан жеткізілген 26 000-нан астам адам Шымкентке қоныстандырылған. Оның 7 мыңнан астамы эвакуация орталықтарында. Ал, 19 бала толықтай табылып, ата-аналарына тапсырылған. Қалалық ауруханада 47 азамат жатыр. Түркістан облыстық ауруханаларында 70 азамат ем алуда, — деді.
Сол күні түс ауа Арыстағы апат бойынша жағымды ақпарат таратылды. Яғни Арыстағы жағдай тұрақталып, апаттың қаупі сейілгені, сондықтан да арыстық тұрғындар аптаның соңына қарай үйлеріне оралатыны туралы ресми түрде мәлімделді.
А. САТЫБАЛДЫ.