БЕС МЫҢ БІЛІМ ГРАНТЫ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шекті бал жинап, бірақ білім грантын алуға қол жеткізе алмай қалған көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан өрендерге 5 мың грант бөлінеді.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде мәлімдеген болатын. Бұл «Жастар жылына» орай мемлекет тарапынан жасалған зор мүмкіндік.
Жалпы биыл еліміздегі мектеп бітіруші түлектер үшін 53 мыңнан астам білім гранты бөлініп отыр. Оның басым көпшілігі техникалық мамандықтарға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында ұлттық бірыңғай тестілеу жүруде. Ағымдағы жылдың 20-маусымынан басталған науқан 30- маусымға дейін жалғасатын болады. Оқушының он бір жылдық білімі сыналатын тестілеуден кейін кімдердің білім гранттарына ие болғандығы 1-тамызға дейін белгілі болмақ. Содан соң білім гранттарына ілінбеген, бірақ шекті бал алған жоғары санаттағы түлектер арнайы қарастырылып отырған жеңілдікпен оқу туралы 1-тамыздан кейін өтініш бере алады.
Ағымдағы жылы елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Ал Шымкентте үлкен өмірге қанат қаққан 8063 өреннің 5463-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қалада ұлттық бірыңғай тестілеу бес жоғары оқу орнының базасында өткізілген.