Ақсүмбеде өткен республикалық шара
Тұңғыш Президент-Елбасымыз Н.Назарбаевтың «С.Қожанов жоғары мәдениетті тұлға еді, Түркістанда ішкі істер, ағарту, жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің алғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыстар атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді» деп әділ баға бергеніндей қазақ ұлтының көгіне күн, рухына нұр болған ұлы тұлғаның биыл 125 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтпек ниетте. Осы шараға орай Түркістан облысының қиян түкпірінде кешегі алты алаштың ардақтысы дүниеге келген Ақсүмбе ауылында байыпты бастамалар бастау алуда. Жуырда Сұлтанбек есімін иеленген мектепте республикалық деңгейде дәстүрлі Сұлтанбек Қожанов оқулары өтті.
Биыл бұл шара төртінші мәрте өткізіліп отыр. Мектеп директоры Мейрам Алмахановтың да елеулі еңбегін атап өткен жөн. Шараға арысы Нұр-Cұлтан, берісі Алматы, Шымкент қалаларынан қонақтар келді. Олар белгілі ғалым, сұлтанбектанушылар Хазіретәлі Тұрсын, Нариман Нұрпейіс, С.Қожанов қорының президенті Мұқан Әбдірманұлы, облыстық әдістемелік орталықтың қызметкері Абылаева Ақмарал, аудан әкімінің орынбасары Бағдат Бегманұлы Айдарбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров, Сондай-ақ Сұлтанбек оқуларына Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан оқушы өрендер арнайы келіп қатысып, бақтарын сынап қайтты. Жүзден жүйрік атанып оза шапқан оқушылар арнайы алғыс хаттармен, бағалы заттармен марапатталды. Сұлтанбек Қожанов мектебінің оқушысы Жаңылай Әбдіқадыр бірінші орынды иеленді.
Осылай егеменді еліміздің ертеңі саналатын болашақ ұрпақ білім алуда. Ауыл аудан орталығынан 200 шақырымда орналасқан. Осы аталмыш мектепте өткен түрлі шаралар, соңғы жылдары дәстүрге айналған Сұлтанбек оқуларына түскен қоғам қайраткері Сұлтанбек туралы өлеңдер мен мақалалар, ғылыми еңбектер, тарихи деректі құжаттар теріліп, қатталып «Сұр Жебе» деген атаумен жеке кітап болып шығуға сұранып тұр.
Биылғы күзде өтетін мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерейлі іс шарасына белсенді атсалысушыларға алдын ала зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бастаған істеріңіз баянды, сауапты істеріңіздің қайырлы болуына Баба Түкті шашты Әзіз, Қарабура, Ысқақ бап жатқан, Теріскей өңіріндегі 250-ге жуық әулие-әмбиелердің рухы қолдап жүрсін!
Армысыздар әлеумет, бақ тілеген,
Ортаңызға мен келдім ақ тілеумен.
Ақбикештей арда ана жатқан өңір,
Ақ сәлемін жолдадым Ақсүмбеден
Алты Алаштың ардағы Сұлтанбегі,
Теріскей, Ақсүмбе еді туған жері.
Армандары орындалып бабалардың,
Егемендік көк туы желбіреді.
Қайта түлеп гүлдеді атырабым,
Түрегелді ұйқыдан батырларым.
Ұрпақтары арнайы Мәскеу барып,
Жеткізді туған елдің топырағын.
Сұлтанбектің басына құран оқып,
Бір аунатты ақ сұңқарын, шамшырағын.
Мектебі бар атында Сұлтанбектің,
Бұл шараға қуанып мен де жеттім.
Сенің рухың өлмейді қазақ бар да,
Алты алаштың айбыны асыл тектім!
Сен туылған Ақсүмбе, Күрдек өзен,
Көктем келсе қуанып күркіреген.
Ақ үмітін бабаның ала келдім,
Ақ сұңқарын аялап, үлбіреген.
Ежелден-ақ еркіншіл ел екенбіз,
Құтты болсын әлеумет мерекеміз,
Жүз жиырма бес жыл өтсе де, тағы ғасыр,
Ынтымақпен кіре берсін берекеміз.
Мақсат Қарғабай.