Түркістан татулықтың ордасына айналады

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Түркістанға арнайы тоқталып, ұлы шаhарды дамыту мәселесін айтты. Қолға алып, жолға қоятын бірнеше жобаларды ұсынды. Міне, осыған орай, мақалада Түркістанды дамыту бағытында айқын көрсетілген жобаларды жүзеге асырып, ауқымды жұмыстарды жүргізуге бет бұруымыз қажет. Бұл бағытта бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты ту етудің маңызы зор.

Облыс орталығында Түркістан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбы бойынша өткен келелі жиында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деді.
Сондай-ақ ол, тәуелсіздігімізді баянды, Ұлы дала елін мәңгілік, Түркістанды түркі дүниесінің текті төрі, мәдени-рухани орталығы ету мақсатындағы бұл басқосудың атын — «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деп атауды ұсынды.
Келелі басқосуға облыстық басқармалардың жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ғалымдар, зиялы қауымдармен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әрдайым ел алдында жүрген ардақты азаматтар қатысқан басқосуда жазушы Мархабат Байғұт, Сарыағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов, тарих ғылымдарының докторлары әрі археологтар Мұхтар Қожа мен Бауыржан Әбішұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның түрколог ғалымы Сейсенбай Құдасов, халықаралық «Түркология» орталығының ғылыми қызметкері Қазыбек Тәжиев, «Ұлы даланың жеті қыры» мен Түркістан» тақырыбында жасалынып жатқан жұмыстар жайлы сөз өрбітті. Сонымен қатар олар, мақалада айтылған Ұлы даланың әр қыры туралы мағынасы терең байламдарын ортаға салды.
Түркістанды татулық пен тектіліктің ордасы етудің мән-маңызы айтылған бұл жиында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер арнайы жобасы» аясында туған жерге сүбелі үлес қосып жүрген Сырым Ертаев, Талғат Ысқақов, Айыпхан Айымбетов, Бағлан Сүгірбаев сынды азаматтарды «Жомарт Жүрек» сыйлығымен марапаттады. Туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайта түскен шарада «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» атты кітаптардың тұсаукесері болып өтті.
2000 жылы көне қала Түркістанның 1500 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өткені белгілі. ЮНЕСКО аясында өткізілген бұл жиында мемлекет басшысы «Он бес ғасырлық тарихы бар бұл қаланың мерейтойы тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми, сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады» деген болатын. Түркістан төрінде «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбында өткен бұл форум Елбасы алға қойған осы бір асқаралы мақсатты батыл іске асырудың жолдары жүйеленген келелі басқосу болды.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.