Қаржы бұзушылықтар анықталды
ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 23.10.2018 жылғы №41 аудиторлық іс-шараны жүргізу тапсырмасы негізінде Түркістан қаласы, Қарашық ауылдық округі әкімі аппаратының «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 2017 жылдың 01 қаңтарынан 2018 жылдың 01 қазан айы аралығындағы кезеңге білім беру тапсырысы негізінде еңбекақы мен негізгі қорларға бюджеттен бөлінген қаражаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының сақталуына аудиторлық іс-шара жүргізілді. Атап айтқанда:
2018 жылдың 1-қаңтарына түзіліп, бекітілген титулдық тізімдегі балалардың жас ерекшелігіне қарай дұрыс бөлінгендігіне аудит жүргізу барысында Кәсіпорнындағы 120 баланың 44-нің тек құжаттары ғана тіркелген, яғни тізімдегі балалар балабақшада тәрбиеленбей, олардың орнына тізімде жоқ балалар тәрбиеленгені анықталды.
Негізсіз бекітілген титулдық тізім салдарынан, 2018 жылдың 1-қаңтарына штаттық кесте мен тарифтік тізімнің бекітілуінде, ҚР Үкіметінің 30.01.2008 жылғы «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» №77 Қаулысының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттары» 1-бөліміндегі талаптары сақталмағандықтан барлығы 2,0 штаттық бірлік (0,75 штаттық бірлік орыс тілі мұғалімі; 0,25 штаттық бірлік ағылшын тілі мұғалімі; 0,25 штаттық бірлік саз жетекшісі; 0,75 штаттық бірлік дене шынықтыру нұсқаушысы) бір айлық еңбекақы қоры 168 233 теңге, 2018 жылдың 1-қыркүйегіне дейінгі 8 айлық еңбек ақы қоры 1 345 864 теңгеге артық түзіліп бекітілгені анықталды.
Аудитпен қамтылған кезеңде еңбек жалақыны есептеу кезінде, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23-қарашадағы №414-V «Еңбек Кодексінің» 79-бабы 1-тармағының және 103-бабы 1-тармағының талаптары сақталмағандығы анықталып, нәтижесінде барлығы сегіз қызметкерге 610 651 теңге және ақылы еңбек демалысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23-қарашадағы №414-V «Еңбек Кодексінің» 91-бабы 1-тармақшасының талабы сақталмағандығы анықталып, нәтижесінде үш қызметкерге барлығы 150 957 теңге артық есептелініп, төленген. Бұл қаржылар Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4-желтоқсандағы №95-IV Бюджет Кодексінің 97-бабы 6-1 тармағы 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4-желтоқсандағы №540 бұйрығының 215-тармағына сәйкес бюджетке өтеуге жатады.
Кәсіпорны Түркістан қаласы әкімдігінің 16.08.2017 жылғы №1645 Қаулысымен құрылып, жарғысы бекітіліп қолданысқа берілген.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 28.02.2018 жылғы №199 Авизосы негізінде «120 орындық балабақшаның құрылысы және оның ішінде: жабдық, құрал сайман, мүкәммалдар 24 167 586 теңгеге» Түркістан қаласы әкімдігінің «Білім бөлімі» мемлекеттік мекеме қызметкерлері тараптарынан қабылдап алынған.
Қабылдап алынған құндылықтарға түгендеу жұмыстарын Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31-наурыздағы «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №241 бұйрығының 4-тарау 64-тармағын басшылыққа ала отырып,
кәсіпорнының 23.10.2018 жылғы «Комиссия құру туралы» №94 бұйрығына сәйкес кәсіпорнындағы негізгі қорлар мен тауарлы материалдық құндылықтарға түгендеу-санау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорнындағы құндылықтардан барлығы 11 065 687 теңгеге жетіспеушілік анықталды.
Г. Сихимбаева,
Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маман – мемлекеттік аудиторы.