Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила Созақта тұрған


Шығармашылық дүниенің жазылуына бір нәрсе себеп болатыны анық. «Айқын» газетінің өткен санында жарияланған «Әуезовтің тұңғышы» атты журналист Гүлзина Бектастың жазған мақаласынан кейін киелі Созақ топырағын кім басқан, кім баспаған деген ойға қаласың?! Назарларыңызға ұсынып отырған шағын мақала осындай ойтүрткі себептермен жазылған еді.
Дарынды тұлға, заңғар жазушы, ұлт ойшылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті дүние бетінде танып-білмейтін пенде кем шығар. Қаламынан сиясы кеппеген кемеңгер тұлғаның барлық өмір жолы елдің есінен кетпек емес. Ал сан тарау бұтақтай ұрпақтарына зер салсақ қилы тағдырлардың құпиясына үңілесің. Мұхтар Омарханұлы 1917 жылы Райхан сұлуға үйленеді. Райхан анамыз атақты Кәкен байдың алты ұлынан кейінгі жалғыз қызы болатын. Олардың отбасын құруына шыққан тегін, өскен ортасын жақсы танып білетін Абайдың ұлы Тұрағұл себепші болады. Мұхтар мен Райхан шаңырақ көтерген соң, араға жыл салып өмірге нәресте Мұғамила 1918 жылдың қысында келеді.
Ұлы Абайдың Әйгерім анамыздан туған тұңғышы, алаш ардагерлерінің досы, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрағұл атамыздың «Мұхтарға лайық» деп таңдауы түскен қыз бала-Райхан мен Мұхтардың байланысқан тағдыры туралы көп біле бермейміз. Десек те, жас отбасы қилы тағдырлы соқпақты бастарынан кешіре жүріп өткізгені аян. Бұл тағдыр талайлы сұр соқпақта кішкене нәресте қыз-Мұғамиланың да ізі қалады. Азапты күндерді, әкесі мен анасын зарыға іздеген сағынышқа толы түндерді бастан кешіргенін білеміз. Камила, Қапаш, Фатима, Валентина апаларының тәрбиесі мен қамқорлығында жүріп, ақыр соңында туған анасымен табысқан Мұғамила ерте есейіп, ерте бойжетеді. Мұғамила 1937 жылға дейін әкесінің қолында тұрып тәрбиеленген. 1930-32 жылдары әкесі Мұхтар Алматы түрмесінде жатқанда, әкесінен жиі хабар алып, абақтыға үзбей қатынап, киім-кешегін жуып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Оған жазушының гимназия қабырғасынан бастап бірге оқыған досы Ахметбек Шикібаев көмектескен. Кейін Мұғамила бойжетіп Ахметбек ағасының туысы Бөкебай Сүтжановқа тұрмысқа шығады. Бөкебай Сүтжанов 1914 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №25 ауылда дүниеге келген. Ауылшаруашылығы саласында Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстарында еңбек етеді. Мұғамила апамыз екеуінен өмірге Нариман, Бақтияр, Гулжаһан есімді ұл-қыздары дүниеге келеді. Таяуда «Айқын» газетінің редакциясына шығып, «Әуезовтің тұңғышы» атты мақаланың авторы Гүлзинамен тілдесіп Бөкебайұлы Бақтияр ағаның ұялы телефонын жазып алып едім. Араға күн салып ол кісімен телефон арқылы әңгімелестім. Бөкебай Сүтжанов, яғни Мұғамила апамыздың жары 1948-1950 жылдары «Созақ» совхозының, 1950-1952 жылдары «Жуантөбе» совхозының директоры болып қызметтер атқарған. Ол уақытта Мұғамила апамыз отыз жаста екен. Бұл Мұхтар Әуезовтің Созаққа келер сапарынан тура он жыл бұрын еді. Бөкебайұлы Бақтияр көкеміздің өзі 1942 жылы дүниеге келіпті. Бүгінде 76 жаста. Ендігі кезекті Бақтияр ағаның айтуына берейін:
– Анам мен әкем бала күннен бірге өскен. Олар әкемнің ағасы Ахметбек Шикібаевтың үйінде таныс болған. Мұхтар Омарханұлы Ленинградқа оқуға кеткенінде, анамды сол үйге қалдырған екен. Кейін Мұхтар Омарханұлы анамды алып кетеді. Ұлы жазушының басына іс түсіп, сотталғанда, Ахметбек ағамыз анамды жетімсіретпей қолына алады. Өкінішке қарай, Ахметбек Шикібаевтың өзі сотталып, ату жазасына кесіледі. Оның сотта қаралған ісі туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен НКВД оған «Халық жауына» көмектесті деген айып таққаны белгілі. Бір айта кететіні, Мұхтар Омарханұлының өмірдерегінде ол туралы ешнәрсе айтылмайды. Бостандыққа шыққан жазушы қызымен қайта қауышып, өмірін қалпына келтіре бастайды.
Әкем Бөкебай ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін, совхозда қызмет етіп, барлық туған-туысын асыраған. Ол жылдары ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөліне бастайды. Елге жаңа мамандар керек болды. Осылайша, Алматыға оралған әкем анаммен қайта жолығып, екеуі шаңырақ көтереді. 1940 жылы тұңғышы Нариман дүниеге келсе, 1942 жылы мен өмір есігін ашыппын. Алматыда әкем қалалық атқарушы комитеттің ауылшаруашылық бөлімін басқарып, қызметте үлкен жетістіктерге жетеді. Отбасымызбен екі бөлмелі үйде тұрдық. Бірақ біздің үлгілі отбасылық өміріміз біреулерге ұнамаған секілді. Ет-жақынымыздың бірі әкемнің туған жеріне барып, «қажетті» деректерді жинаса керек. «Бөкебай Сүтжанов – байдың баласы» деген анықтама алдырып, тиісті органдарға жіберіп отырады. Бұл туралы әкеме зейнетке шыққасын бұрынғы партия комитетінің қызметкері айтып берді. Ол кездері байдың баласы болғандар қызметте жоғарыламайтын. Әкем білікті де білімді маман болғандықтан, оны ауыл аймаққа жиі жіберетін. Жұмысын жиі ауыстыруға тура келді. 1948-1950 жылдары «Созақ» қой совхозының директоры болды. Әкем өз ісіне адал, жұмысына жауапты еді. Малшы ауылды жиі аралап, көбінде колхоздың тірлігіне араласты. Жалғыз өзі қыстауларды атпен аралайтын. Ол жылдары қыс аязды болатын. Қасқырлар да көбейген кез. Әкем ешнәрседен қорықпайтын. Ең жүйрік, мықты 4-5 аты болды. Малды ауылға шыққан сайын аттарын ауыстырып отыратын. Әкемнің аңшылыққа шыққан кездері де есімде. Оның қайсарлығына тәнтімін. Қаншама қасқырдың терісімен оралатын. Атам сол терілерді өңдейтін. Анамның шешесі Райхан әжем тон тігетін. Райхан әжем – нағыз
қолөнер шебері еді. Түлкі терісінен тымақтар, түрлі тондарды тіпті дүкендегіден де әсем қылып тігетін әжемнің еңбекқорлығы тіптен бөлек. Өмірінің соңына дейін қолөнершілікпен айналысып, жиендеріне қамқорлық танытты.
Атам нағыз шаруа, еңбекке адал, шыдамды кісі еді. Бүкіл үй шаруашылығын өзі жүргізіп, маған көп нәрсені үйретті. Бір жолы әкемнің рұқсатымен атпен алыс сапарға да шыққанбыз. Атам менің бойымда ер жігітке тән мінезді қалыптастыруға ерекше атсалысты. Арабша хат тануды да үйретті.
Созақта тұрған жылдары анам өзбек биін керемет билейтін. Созақта тұрғанда мен жеті жаста болатынмын. Біз ескі мешіт үйінде оқыдық. Үйдің тура түбінде сарқырап өзен ағып жататын. Біз өзеннен көпір арқылы ары-бері өтетінбіз. Созақ халқы өте бауырмашыл, қонақжай, мейірімді, бір нанды бөліп жейтін ынтымақшыл, адал, ақкөңіл, тату халық болды. Жазда совхозда жұмыс азаятын. Әкем бидің түр-түрінде өте жақсы билейтін. Ленинградта оқып жүргенде қазақтың қара домалақ баласы талай өзге елдің балаларына қалай билеу керек екендігін үйреткен екен. Үйімізде патефон мен пластинкалар көп еді. Анаммен бірге патефонмен әндер айтатынбыз. Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқайтын едік. Абайдың өлеңдер жинағы, қара сөздері үйіміздің төрінде тұрды.
Ауыз әдебиетін зерттеуші, Абай мұрасын насихаттаушы Сейітқали Қарамендин ағамыздың өмірден өткеннен кейін, яғни, 2010 жылы «Жалын» журналында жазған «Досым еді» деген естелігінде: «Ақын Қасым Аманжоловпен 1928-29 оқу жылдарында Семейдің малдәрігерлік техникумының даярлау бөлімінде бірге оқыдық. Қасым оқып жүрген кездерінің өзінде ойын-сауықшыл, бос уақыттарында мандолина, домбыра тартып, өлең айтатын. Бір күні техникумның жатақханасында бір топ оқушылар: Қабжанов Уәли, Сүтжанов Бөкебай, Қаймолдин Омар, Аманжолов Қасым, Кайсақанов Арғынғазы және мен бәріміз бас қосып, өлең айтып, домбыра, мандолинаға қосылып ән салып отырдық. «Комсомол комитетінің секретары Қойшыбаев Қали сендерді комсомол жиналысына шақырып жатыр, тез жүріңдер», – деп, Семейхан деген бала сасқалақтап, асығыс кірді. Қасым Семейханның ұшқалақ, жеңіл мінезді екенін сезіп, қолма-қол:
Семейхан, сен селкілдеп,
Танауың кеткен желпілдеп,
Бұл мінезіңді қоймасаң,
Жыларсың бір күн еңкілдеп, – деп еді, Семейхан ашуланып кетіп қалды», – деген естелікте Бөкебай Сүтжановтың есімі айтылады. Осы тұстан да Бөкебайдың ақын, жазушы, өнер адамдарымен бірге жүргеніне қарап, өнерлі ортадан табылатын, өнерден хабары бар озық ойлы азамат екені тағы да дәлелденеді.
Қаракөл қой шаруашылығы шаруашылықтың өркендеген түрі болғандықтан, әкемді Ташкентке жиі шақыратын. Тіпті арнайы «Кукурузник» ұшағын жіберіп, анам мен әкемді Ташкентке алдыратын еді. Ташкентке көлікпен баратын болса, мені де өздерімен бірге ала кететін. Ол кісілердің Ташкентте жақсы араласатын отбасылық достары болды. Сол үйлерде жиі қонақта болдық. Отбасымызбен бірге Түркістанға барған сапарымыз да есімде. Сонда анам бір зергерге жеті-сегіз алтын жүзік жасатқан еді. Сол жүзіктердің біразын ол әкемнің туған-туысына сыйға тартқанын білемін. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғанбыз. Ол кездері туризм дамымаған, кесене жабық болатын. Бір ақсақал кесенені ашып беріп, ішін аралатты. Қазіргідей шектеулер болмайтын. Құдықтан су іштік, кесенесін көріп, қолымызбен ұстадық. 1990 жылы кесенеге қайта келгенімде, балалық шағымдағы сол сәттер еріксіз көз алдыма оралды. Сегіз жасар бүлдіршін араға 40 жыл салып, кесенеге қайта оралғандай әсерде болдым.
Әкемнің жұмысы жақсы жүргендіктен, анам үй шаруасымен айналысты. Бастауыш сынып мұғалімі болып, еңбек еткен кездері де бар. Оқу, жазу-сызуды ерте үйрендім. Бес жасымда әліппемді құшақтап, мектепке барғаным да есімде. Бір жағынан анамды көру үшін ерте бардым. 1952 жылы Созақтан Талғарға көштік. Талғардағы мұғалімдер кеңесі мені, әлі кішкентай деп, үшінші сыныпқа қайта жіберді. Әкем колхоз төрағаларын даярлайтын мектеп директоры болды. 1953 жылы қарындасым Гүлжахан өмірге келді. Осы жылдары біз Мұрат Әуезов ағамыздың отбасымен жақын араластық. Мұрат – нағашым. Ол екеуміздің жас айырмашылығымыз бір жарым ай ғана. Балалық шақтан бастау алған туыстығымыз бен достығымыз, сыйластығымыз өмір бойы сақталып келеді. Жазғы-қысқы каникулдарымызды бірге өткізетінбіз. Фатима тәте екеумізге «Орленок» велосипедін алып берді. Талғарда мұндай велосипед ешкімде болмайтын. Мұраттың отбасымен араласқаннан бері көпшіл, бауырмал болуды үйрендім. Бұлай айтып отырғаным, отбасында еркелеп жалғыз өстім. Нариман денсаулығына байланысты үнемі емдеу шипажайларында болатын. Ал Гүлжахан дүниеге келгенде, он жасқа келіп қалғанмын. Осылайша, ағалы-інілі, әпкелі болу дегенді жақсы білмейтінмін.
1955 жылы Алматыға көштік. Біз есейіп, студент атанғанымызда өмір сүру де қиындай түсті. Анамыз КазЖенПИ-ге, кейіннен КазПТИ жатақханасында коммендант-тәрбиеші болып жұмыс істеді. Ауылдан оқуға келген қаракөздеріміз білім мен ғылымнан бұрын Алматының тыныс-тіршілігіне ұзақ уақыт үйренісе алмай жүретіні жасырын емес. Бірақ анам қаншама қазақтың қызына үлгі-өнеге бола білді. Ол ақжарқындығымен, қоғамда өз-өзін ұстау мәнерімен, тартымды да ерекше киіну стилімен кез келген жанды өзіне баурап алатын. Осылайша, қаншама студент қыздардың екінші анасына, ақылшысына айналды. Оқуын бітіріп жан-жаққа кеткен студент қыздар қаншама жылдар өтсе де, анама амандасуға арнайы келіп, алғысын жаудырып жататын. Тіпті өздерінің студент балаларын оқуға әкеліп, тапсыратын. Анам беделді, қызметіне адал еді. Оған мемлекет тарапынан алған алғыс хаттары мен медальдары дәлел бола алады.
Анам ақылы көркіне сай, биязы мінезді, өте ұстамды, отбасына қамқоршы, туыстарымызға мейірман жан болғаны есімде. Аналық мейірімі мол бола тұра, ерік-жігері мықты, мінезді еді. 1974 жылы жарты өмірін ауруханада өткізген ағам Нариман өмірден өтті. Басынан өткізген қиындықтарға қарамастан, өте мейірімді, талантты әрі көпшіл болатын. Талантымен көзге түсіп, Львовта кандидаттық диссертациясын қорғап, қызметте үлкен жетістіктерге жеткен еді. Докторлық диссертациясын қорғап үлгермеді. Бұл – фармацевтикалық химия бойынша Қазақстандағы алғашқы докторлық жұмыс болар еді. Сұм ажал осылайша, ағамды ойламаған сәтте арамыздан алып кетті. Ерік-жігері мықты әкем бұл қайғыны көтере алмай, түрлі сырқаттарға душар болып, ауыр науқастан бес жылдан кейін ол да арамыздан кетті. Сол сәтте анам мойымай, біз үшін өз-өзіне мығым, ұстамды болды. Тіпті «баласының өліміне еш елең етпеді, қайғырмады» деген де айыптар тағылды. Анам сонда «Өмір бойы ауырып, енді сауыққан сәтінде аяқ-асты дүниеден өткен ұлыма қайғырмайды деп ойлайсыздар ма?! Мен – анамын. Мен үшін бұл – үлкен қайғы. Бірақ сол қайғыға берілсем, екі баламды кім ойлайды» деп даналығын көрсетті. Арада аз ғана уақыт өткенде анамда өмірмен қош айтысты.
Анамды жерлегеннен кейін ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Анам туралы сөз еткенде көзіме еріксіз жас үйіріледі. Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде студент болған кездерімде, ұстаздарым менің жарқын болашағым туралы жиі айтатын. Қызмет бабында да, жеке өмірде де қаншама мүмкіндіктерді босқа жіберіп алған сияқтымын. Десе де, әлі күнге дейін компартия мүшесі болмағаным қателік пе, әлде дұрыс шешім болды ма, анықтай алмадым. Анам өмірден өткен-1976 жылы өте беделді мекемеге бірінші төраға болу қызметіне шақырылдым. Басшылар менің Компартия мүшесі емес екенімді естігенде, партияға мүше емес тек орыс ұлтының азаматын ғана қабылдай алатындарын, ал мұны қабылдай алмайтындарын айтты. Осылайша, қызметтік мансап жолында компартия мүшесі болмағанымның кесірі болды. Негізі, компартияға ешқандай қарсылығым жоқ. Мәселе – менің ұстанымдарымда. Ешнәрсеге өкінбеймін. Өйткені сатқындық, қастандық жасамадым, – деді телефонның арғы жағынан ауыр күрсінген Бақтияр аға.
Расында «Айқын» газетінде емен-жарқын сырын жайып салған аға, өзінің адал өмір сүргенін айтып еді. Тоқсаныншы жылдардың басында онкологиялық сырқатпен ауырады. Түрлі ойлар, күйзелістер болады. Сөйте тұра, «менің қиналғанымды айналамдағылар, әсіресе ең жақын адамым – анам көрмесін» деп шыдап бағады. Бәрі жақсы болып, үш жарым айдан соң өмірге екінші мәрте келгендей қалпымен келеді. Үлкен жазушы Мұхтар Омарханұлы – нағашы атасы екенін мақтан тұтады. Ол кісінің атына дақ, абыройына нұқсан келер титімдей олқы қылық көрсетпей, осы 76 жыл ғұмырын кешіп келеді екен. Бірақ ешқашан «жазушының жиенімін» деп ешкімге жар салмапты. Құрмет, қошемет, қызметте жеңілдік күтпепті. Ол кісінің тәрбиесі, ақыл-өсиеті, әрбір қимылы жадында мәңгі сақтаулы қалыпты. «Осындай данагөй кісінің ұрпағы болудың өзі әрі мақтаныш, әрі маған ерекше жауапкершілік жүктеді. Сол үдеде келемін», – дейді Бақтияр аға жүрекжарды сырын ақтара.

Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.