Сұлтанбек СҮГІРБАЕВ: «ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛУ ШАРТ ЕМЕС»
Сұлтанбек Сүгірбаев. Бұл есім күнгей жұртшылығына жақсы таныс. Ол өзінің білім-білігі, іскерлік қырының арқасында облыстың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Сан жылдар бойына мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Өзіне артылған сенімнің үдесінен шығу үшін ерінбей-жалықпай елге қызмет етіп, сан тірліктің басын қайырған. Ол кезінде Шымкентте атағы дардай өндіріс орындарының атап айтқанда, 3-Энергоорталық, Шымкент сыра мен мұнай өңдеу зауыттарының бой көтеруін ұйымдастырған. Қаланың айтақыр жері болған аумақтан «Теріскей» шағын ауданының шоғырлануына қызу кіріскен. Түркістан қаласына әкім болған уақытында жылдар бойы шешімін күткен мәселелерге Үкіметтің мойнын бұрып, назарын аудартқан. Қай жерде, қай қызметте болса да заман талабын сезіне отырып соған лайық тірлік тындырған Сұлтанбек Шойынбайұлы жоғарыдағыдан бөлек, көзге елестетудің өзі біраз күш алатын талай алып құрылыстарды, ауқымды жобаларды аяғына дейін алып шыққандығымен де абырой биігінен көріне білген. Болмайды дегенді болдыратын, толмайды дегенді толдыратын ел ағасы жуырда редакциямыздың төрінде болып бізге сұхбат берген еді…
– Сұлтанбек Шойынбайұлы, еңбек жолыңызға көз жүгіртсек, Сіз 40 жыл мемлекеттік қызметте еңбек еттіңіз. Оның тең жартысы кеңестік мемлекеттік қызмет жүйесінде өтті. Қалғаны тәуелсіздік арайындағы уақытқа тиесілі. Егемендік алған жылдары Сізге жауапты жұмыстар жүктелді. Түркістан қаласының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық табиғатты қорғау, тарифтер, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының бастығы, облыстық құрылыс штабы бастығы сынды қызметтерді абыройлы орындадыңыз. Бесінші шақырылым бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Ал Кеңес үкіметі кезіндегі қызметіңіз бір тақырыптың еншісі. Өмірі осындай өркенді істермен өрілген азамат қазір қайда жүр?
– 2015 жылы зейнетке шықтым. Содан соң екі жылдай уақытымды жақын жуықтарыма, отбасыма арнадым. Алпыс жасымда отбасымды үлкен ордаға айналдырады деген үкілі үмітпен дүниеге келген Асанбай мен Шойынбайдың тәрбиесіне көп көңіл бөлдім. Қалған ұл-қыздарым өмірде өз кетігін тапқан естияр азаматтар ғой. Бір күні маған құрылыс саласының басы-қасында жүрген азаматтар келіп, осы топтың мүддесін қорғайтын ұйымға төраға болуымды сұранды. Олардың ұсыныстарын екі сөзге келмей қабыл алдым. Ұйым «Жол құрылысы, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, жобалау және техникалық қадағалау жөніндегі жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар Қауымдастығы» деп аталады. Төраға болып жүргеніме бір жылдың көлемі болып қалыпты. Басты бағдарымыз, мақсатымыз – айқын. Ол өңірде құрылыс жұмыстарымен айналысатын іргелі мекемелердің заңды мүддесін қорғау.
– Сіз төрағалық ететін ұйым мердігер мекемелердің ырғақты жұмыс істеуін жолға қоюға тер төгеді. Осы ретте қандай мәселені екпін түсіре айтып өткіңіз келеді? Яғни, қазіргі таңда құрылыс компанияларының тынысын тарылта беретін түйін не?
– Жалпы қала, облыс аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарының үздік-создыққа созылмай, сапасыз, саңылаусыз болмасы үшін тапсырыс беруші, дәлірегі, атқарушы орган мемлекеттік сатып алу конкурсын әділ ұйымдастыруы қажет. Және оны дер кезінде өткізіп, қаржысын уақытында төлесе проблема туындамайды. Содан соң мына нәрсені де айтқым келеді. Билік өз құрығының ұзындығын пайдаланып, кейде екі компанияларды бір-біріне айдап салатын ойын ұйымдастырып жатады. Нәтижесінде мердігер мекемелер қандай да бір нысан құрылысын жүргізу бойынша екеуара текетіресіп, оның соңы соттасуға барады. Мұндай мазасыз ауан құрылыс саласындағы жұмыс жүйесінің бұзылуына кесірін тигізеді. Осындай олқылықтардың оябын табуға ықпал ету – ұйымның алға қойған негізі бағыты.
– Қазіргі таңда құрылыс саласында өзіңізді толғандырып отырған мәселе не?
– Өмірімнің саналы уақыты осы құрылыс саласында өтті. Сондықтан да осы мәселе тұрғысында көңілді күпті ететін проблемалар жетерлік. Бірақ ол бір сұхбатқа сиятын дүние емес болғандықтан, ең басты түйіткілді айтып өттім.
– Егемендіктің екінші онжылдығын атап өту қарсаңында, одан кейінгі жылдарда да күнгейдің орталығы болып тұрған – Шымкент құрылыс алаңына айналды. Сол уақыттарда қаланың келбетін ашып, сәулетін келістірген түрлі нысандар бой көтерді. Сіздің осы қайнаған жұмыстардың бел ортасында жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Осы жайында кең отырып айтып берсеңіз.
– Жалпы кез келген мекенде көп жылдар бойы жұрт жадынан кетпейтін жылымық кездер орын алады. Мен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өту кезіндегі қарбалас дайындықтар қарсаңын сондай сәттерге балаймын. Дәл осы аралықта Шымкенттің тынысын аша түсетін талай толымды тірліктер орын алды. Ол Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі, «Флаг» алаңшасы, сол жерден өтпелі көпірдің салынуы, Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалы, «Шәмші әлемі» саябағы, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филормония, Абай мұражайы, Көркемсурет галереясы, Спортшылар аллеясы, «Қызғалдақ» субұрқағы, әкімшілік-іскерлік орталығы, «Отырар» кітапханасы, «Түркістан» сарайы, драма театр және тағы басқа көптеген нысандар бой көтеріп, қайта қалпына келтірілді. Ондағы құрылыс жұмыстарының қарқынды өтуін ұйымдастыру және мерзімінде ел игілігіне берілуін жолға қою бағытындағы қарбалас жұмыстардың басы-қасында жүргенмін. Мұның өзі оңай-оспақ жұмыс емес. Үлкен табандылықты талап ететіні белгілі. Осы тұрғыда мен өзіме берілген талаптың үдесінен табыла білдім деп есептеймін. Бірақ бұл сәттегі сан жұмыстарды еңсеруіме менің 1988-1993 жылдар аралығында Еңбекші аудандық атқарушы комитетінің және халық депутаттары кеңесі төрағасы болған кезімдегі өмір жолым үлкен азық болды. Өйткені дәл осы аралықта мен Шымкент шина, Мұнай өңдеу зауыты, Шымкент сыра, «Кабиско» кондитерлік фабрикасының, ТЭЦ-3, «Теріскей» шағын ауданы, Т. Рысқұлов көшесі, «Фосфоршылар» мәдениет сарайы, мектеп, балабақша және т.б ғимараттардың салынуы мен қайта құрылуына тікелей қатыстым. «Ерді еңбек өсіреді» деген ғой. Осындай өмір мектептері менің тәжірибемнің барынша толыса түсуіне септігін тигізді.
– Жоғарыда Сіз егемендігіміздің 20 жылдығын тойлау бағытында салынған нысандардың бел ортасында жүруді облыстық мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылауы басқармасының басшысы қызметімен қоса-қабат атқарып жүрдіңіз. Сөзіңізге қарасақ екі істі ілгері сүйреу Сіздей нар тұлғалы азаматқа ауыр болмаған сияқты.
– Дәл айттыңыз. Аталған басқарманың басты міндеті – қандай да бір нысанның құрылысын мойнына алған мердігер мекеменің заң шеңберінде жұмыс істеуін қадағалау. Ылдым-жылдым тірліктерге бет бұрғандарына заң аясында шара көру. Осы мақсатта маған ісі тастүйін, сол кездегі облыс әкімі А. Мырзахметов алдыма зор міндеттер қойды. Облыс басшысының тынымсыз тірлігіне ілесу үшін барлық ерік-жігерімді жұмсадым. Нәтижесінде оңай олжаны көксеген бір күндік фирмаларды мемлекеттік сатып алу конкурстарынан шеттету ісіне білек сыбана кірістік. Соның негізінде басқармада барлық лицензиаттардың мәліметтері жинақталған біріңғай электрондық база құрылды. Бұл базаның арқасында біз қайсыбір бірнеше лицензиаттардың бір мекенжайда тіркелгенін, оларға тиесілі техника тағы қандай компаниялар меншігінде бар екенін, бір маманның нешеме компанияда еңбек ететіндігі туралы мәліметтерді айқындап отырдық. Осылайша шылғи өтірікпен ісін өрге басуды көздеген мекемелерден лицензияларды қайтарып алу жұмыстары жолға қойылды. Осы басқармаға басшы болған кезімде облыс бойынша 298 заңсыз құрылыс нысандарының бұзылуы жолға қойылғанын да айта өтейін.
– Ересен еңбектеріңіз үшін Сізге талай атақтар жабысты. 2012 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен салтанатты түрде марапатталуыңыз соның дәлелі. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағыңыз сөзімізді нығарлай түседі. Бұлардан бөлек, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы атағыңыз тағы бар. Бұл сіздің Мақтарал ауданы бойынша бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты міндетін өз дәргейінде орындай алғаныңыздың белгісі ғой.
– Өзім Мақтарал ауданының топырағында аунап-қунап өскен баламын. Сондықтан да бұл аумақтың орны мен үшін бір төбе. «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалы менің қырық жыл бойына мемлекеттік қызметте еңбек еткенімді ескере келе Мақтаралдағы №25 сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлауға түсуім туралы ұсыныс айтты. Бұл аумаққа Мақтарал ауданындағы Бірлік, Иіржар, Еңбекші, Жаңажол, Нұрлыбаев ауылдық округтері мен Мырзакент елдімекендері қарайды. Онда бас-аяғы 30 мыңға таяу сайлаушы бар. Бірден қабыл алдым. Себебі, мен «Қайда жүрсең де біртұтассың өзің туған өлкемен» дегенді бойтұмар еткен азаматпын. Мандат алу үшін менімен бірге тағы төрт азамат ат қосты. Саяси додада мен басым дауысқа ие болып, олардан оза шаптым.
– Мемлекеттік қызмет саласындағы еткен еңбектеріңіз белгілі. Ал енді мандатқа ие болғаннан бастап қандай күрделі мәселелерге нүкте қоя алдыңыз?
– Өзім сайланған округте біраз мәселе өз шешімін күтіп жатты. Ауыл-аймақтағы проблемаларды шешу үшін қаражаттың қажеттігі анық жағдай. Бюджеттен бөлінген қаржылар көбіне-көп сол кездегі аудан орталығы Жетісайдың кем-кетігін түгендеуге бағытталатын. Менің сайлау округімдегі ауылдар орталыққа қол созым жерде орын тепкенмен, мәселе кейінге ысырылып келе берген. Ол ең әуелі мектеп пен балабақшалардың жеткіліксіздігі. Бірақ сол кезде мен тиісті жерлерге мәселенің өзектілігін барынша түсіндіре отырып, бұл бағыттағы шаруаларды шешуге қазынадан қаржы бөлінуіне қол жеткізе алдым. Соның нәтижесінде 2012-2015 жылдары өзім сайланған округте 8 мектеп, 2 балабақшаның құрылысы жүргізілді. Мырзакент кенті мен ауылдардағы 16 көшеге жарқыраған асфальт төселді. Үш автокөлік жолдарындағы көпір ретке келтіріліп, барыс-келіс жақсарды. Ауылдың айналасында мазасыз көріністі тудырған күл-қоқыс полигоны жөнделді. Мырзакент кенті мен бірнеше ауылдарға алаулатып көгілдір отынның жеткізілуіне сүбелі үлес қоса алдым. Мұны сол жердегі халықтың барлығы біледі. Жадынан шығармай бүгінге дейін риясыз көңілмен айтады. Бұдан асқан бақыт жоқ. Алғыс арқалаған жан әманда ақжолтай болады ғой.
– Қазіргі таңда Сіз қоғамдық-саяси өмірге ағалық жолмен белсене араласып келесіз. Айналада болып жатқан тірліктерге, орын алған өзгерістерге өзіндік ой қосып, пікір білдіре алатын кемеліне келген, кемеріне толған азаматсыз. Енді айтыңызшы, Түркістан облысының облыс орталығы болуы туралы шешімді Сіз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл жаңалықты естігінде мен төбем көкке бір елі жетпей қуандым. Өйткені қаланың мәртебесінің биік болуын мен сол әкім болған жылдардан бастап көтеріп келдім. Түркістан облыс орталығы былай тұрмақ, республикалық деңгейдегі қала атануы керек. Өйткені ол қазақ тарихында үлкен маңызға ие мекен болған. Оның тарихы қалың. Ол қаншама ғасырларды тұмшалап жатқан киелі кент. Айтқанда сөзі, атқанда оғы далаға кетпеген небір хандар мен батырларымыздың осы жерде жерленуі тегін емес. Бірақ Кеңес үкіметінің жетпіс жыл бойына қазақ жерін өз ыңғайына қарап билеп, қалағанынша илеуінің нәтижесінде қала қалтарыста қалып қоя берді. Дегенмен де орталық Мәскеу қаланың қазақ елі былай тұрсын, түркітілдес елдердің ішінде зор маңызға ие орталық екенін әу баста білген. Ол талай рет дәлелденген. Түркістан қаласына басшы болғанымда мен осы мәселелер төңірегінде талай тың деректермен жақын танысып, Түркістан тақырыбына терең бойладым. Сөйтіп, ең алғашқылардың бірі болып қаланың 1500 жылдығын атап өту туралы Елбасының назарына бірнеше рет хат жолдадым. Арада күндер сырғып, айлар зулап өтті. Күндердің күнінде Елбасы еліміздің бас қаласы Алматыда қала әкімдерінің басын қосқан жиналыстан кейін, мені өзі қабылдап осы ұсынысым туралы бірнеше сұрақтар қойды. Бұл туралы мен бүгінге дейін бірнеше газеттерге сұхбат бергенмін. Ел хабардар. Сол кезде Президенттің қойған сауалдарына тұщымды жауап бердім білем «Бастамаң жөн екен» деп ақжарқын қалпымен шығарып салған. Арада бірнеше жыл өткен соң қаланың 1500 жылдық тойы халықаралық деңгейде аталып өтті ғой. Айтпақшы, мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда мен ол кісіге Түркістанның деңгейін көтеру туралы барлық ойларымды тізіп бердім. Ол кісі жөн сөзге табан тірейтін көреген адам ғой. Сонда «Сенің мұның жөн. Айтқаныңа толық қосыламын. Мен Түркістанның абыройын асырамын» деп нық айтқан еді. Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң сол уәдесін іске асырды. Президентіміз осы жылдың маусымында Түркістанды облыс орталығы ету туралы Жарлыққа қол қойды. Оның бұл шешімі қысқа мерзім ішінде қабылданған жоқ. Әбден елек-екшеліп барып жарыққа шықты. Оған өзімнің де тырнақтай болса да үлес қосқаным мені қанаттандырады әрине. Бұл күннің тууын асыға күткендердің бірі менмін. Сондықтан да Тұран төрі облыс орталығы болды дегенде басымдағы балақайды жерге атып ұрдым.
– Түркістанға әкім болған жылдарыңызда оның ажарын ашып, келбетінің келісе түсуіне қандай қолтаңба қалдыра алдыңыз?
– Әкім болып тағайындалғанымда қаланың әлеуметтік экономикалық ахуалы тығырықты жағдайда болды. Өндіріс орындарының барлығы дерлік тұралады. Күрделі құрылыстар ауқымы тоқтатылды. Шикізаттың жетіспеуінен кәсіпорындардың қақпасына қара құлып салынды. Салдарынан жұмысшылар жалақысын ала алмай сенделіп жүрді. Бұл тек сол қалада ғана емес, еліміздің өзге аумақтарына тән құбылыс еді. Оның өзіндік себебі баршаға мәлім. Өйткені сол кезде бюджетте ағыл-тегіл қаржы жоқ еді. Үкіметтің қолы қысқа болды. Солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды ғой. Сондықтан да қолдан келгенше жергілікті халықты осы бір тығырықты кезеңдерден жол тауып, көңілін демдеп, алдағы күннен үмітін үзбеуге шақырдым. Дәлірегі, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына көп екпін түсірдім. Осы жолда дұрыс бағытта жұмыс істей алдық. Оған сол жылдары қаладағы қылмыс деңгейінің мейлінше азая түскені дәлел. Бұдан бөлек, шаһар тіршілігінің тұраламауына апаратын тірліктерге бас қойып, қазынадағы қаржыны сол бағыттарға жұмсадық. Ол қаланы жылумен қамту, әлеуметтік жағдайы аса төмен отбасыларға көмек көрсету болды. Бертін келе Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жөндеуден өткізу жұмыстарын аяғына дейін алып шықтым.
Тәуелсіздік арайындағы алғашқы жылдарда қаланың тынысын аша түскен ең басты жұмыстар ол қаланың 1500 жылдығын атап өту болса, екіншісі, көне шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атын арқалаған халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы болды. Сол оқу орны ашылған кезде оның жұмысын бір жүйеге түсіру, яғни, студенттер білім алатын ғимараттар дайындау және тағы басқа тірліктердің бел ортасында жүрдім. Жалпы рухани астанамыздың дамуы жолында қала тұтқасын ұстаған азамат ретінде лайықты тірліктер атқара білдім деп айтсам шындықтан шығандап кетпегенім.
– Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы Жарлықтың жария етілуі бір бөлек те, оны жүзеге асыру жауапты жұмыс. Осы ретте алға қойған асқаралы мақсаттардың орындалуы қалай болмақ деген сауал сізді мазалайды ма?
– Қаланың осы бір атаққа лайық болуын жолға қоюда атқарушы орған табанды тірлікке көшу керек. Мәселені тек біржаққа байланыстырып қоюда қисынсыз. Халықта талмай, тынбай атсалысу қажет. Бұқара мен билік бірге болса, сонда ғана тірлік өнеді. Облыс әкімінің Түркістанды көркейтудегі талабы мені қуантады. Бірақ ол жалғыз-жарым жүріп, жетістікке жете алмайды. Айналасындағы кадрлардың да іскерлік қабілеті зор маңызға ие. Сосын тағы бір назар аударарлық мәселе ол – күн-түнмен санаспай тірлік істейтін уақытқа көшу керек. Алда ауқымды міндеттер, жауапты жұмыстар күтіп отыр. Тындыратын тірліктер өте көп. Оны тыңғылықты орындау үшін тәулік бойына жұмыс істейтін кез туды. Қазіргі жағдайдағы талап осыған саяды. Жасырып қайтейін, бірақ қазіргі таңда осы талаптың үдесінен табылу жолында билік бір жүйеге түсе алмай жатқан сияқты. Түймебаевтың жанында жігері күшті, талабы таудай мықты кадрлар керек. «Іс тетігі кадрда» деген сөз текке айтылмаған. Дұрыс бағыт беріп, оң жол сілтейтін мамандар қажет. Бұл ретте тәжірибесі әбден толысқан кадрларды тарту да артықтық етпейді. Мәселен, мені осы бір қым-қуыт жұмыстың ортасында жүруге шақырса барар едім. Оған білім-білігім де, тәжіриебім де жетіп артылады. Түркістанды түлетуге дайын тұрған мен сияқты азаматтар жетерлік. Оларды да іздеп, тауып, шақырса қарсы болмайтына шүбәм жоқ. Штаттық кесте бойынша болмаса да, қоғамдық түрде қатыстырса тақиясына тар келмейді. Тұран төрін облыс орталығы дәрежесіне сай ету көп болып қол жеткізетін жұмыс. Бұл тұста руға, жерге бөлінген жарамас. Түркістанның облыс орталығы болуы оның келешекте республикалық деңгейдегі қала атануына жарқын жол ашқан игі қадам десек әсіре сілтеу емес.
– Аға қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда тың бастамалар қолға алынуда. Түрлі жобалар жүзеге асуда. Дей тұрғанмен билік осы мақсатта атқарылған жұмыстар жайын сөз еткенде нақты істерден бұрын сандарды көп сөйлететіні жасырын емес. Бұған Сіздің айтар пікіріңіз қандай?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетімізді ең дамыған отыз елдің қатарына қосудың игі бастауы. Бірақ бұл бағытта қолға алынып жатқан тірліктерді сөз еткенде жергілікті билік сапаға емес, санға көп көңіл бөлуде. Мұны көп байқаймын. Жуырда интернеттен облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жүздеген елді мекенде мыңдаған іс-шара өткізілгені туралы ақпарды көзім шалды. Атқарылған тірліктерді тіл ұшына оралтқанда бұлай санға иек арту халықтың сенімін тудырмайтынын мен жақсы білемін. Жалпылама айтылады да терең талдау жасалынбайды. Санмыңдаған іс-шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағытына толықтай сай өтті ме? Ол жерде не болды? Кімдер қамтылды? Нәтиже қандай? Жүзеге асқан жұмыс не? Қол жеткізген жетістік қайсы? Міне осындай сан сауалдарға терең талдау жасалынбайды. Неге? Себебі, көпшілігі жеңіл өтіп жатыр. Елге егжей-тегжейлі жеткізу, барынша түсіндіру кемшін. Көңіл қожырайтын тұс осы.
«Көрмес түйені де көрместің» керін кигім келмейді. Көңіл тоғайтатын тірліктер де бар. Ол облыс әкімінің тікелей бастамасымен «Күш атасы Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» және тағы басқа анимациялық фильмдердің жарыққа шығуы болды. Туындыларды балаларым, немерелерім тұрмақ өзім де бір деммен көріп отырамын. Бұл өзгелерге жар салып айтатын игі тірлік. Бұдан басқа елдің ынтымағын молайтуға шақырып жатқан біраз жобалар жүзеге асуда. Мысал, ретінде өткен тамызда Жетісайда өткен «Қауынфест» шарасын айтуға болады.
– Қазіргі таңда жаңадан құрылған Түркістан облысы мәслихатының құрамында сайлау округі Шымкент аумағын құрайтын мандаттылар бар. Олар облыстық мәслихатта отырып дербес қала болған аумақтың мүддесін қорғауы қандай қисынға келеді? Осы сауал басы ашық күйінде қалып отыр? Бұған Сіз не айтасыз?
– Бұл депутаттарды халық сайлаған. Жаңылыспасам кезінде Шымкент аумағынан облыстық мәслихатқа сайлауға түскен халық қалаулыларының саны 14-ке жетеді. Оларды сайлаған халық Шымкентте қалып отыр. Яғни, олар Түркістан облысына қарамайды. Түнеукүні әлгі 14 депутаттың алтауы өз еркімен өкілеттілігін тоқтатқанынан хабардар болдым. Құптадым. Демек бұл азаматтар өз орнын білген. Енді Шымкент облыстан бөлініп шықса да «заңды түрде депутатпыз» деп жүргендерге таң болып отырғанымды жасырмаймын. Депутаттық мандат үшін жарысқа түсу не пайда? Енді олар қайда барса да «Облысқа Шымкент бағынбайды. Ендеше, Сіз қалай біздің дауысымызды жинап, облыстық мәслихатта отырасыз?» деген сауалдан бас сауғалап ұзаққа бармайды. Бұдан бөлек, «Елге кеңес айтқанда алдарыңызға жан салмайсыз. Өзіңіздің шала бүлініп жүргеніңіз мынау» деп екілене сөйлеуі де ғажап емес. Сондықтан да олар абыройы аласармасын десе, ертерек өзіне тиімді болар шешім қабылдаулары қажет. Негізінде елге қызмет ету үшін депутат болу шарт емес. Мандатсыз-ақ көптің адамы болып, ел мақтанышына айналып, мерейіңізді өсіруге әбден болады.
-Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, Шымкенттің республикалық деңгейдегі қала атануына байланысты осы екі аумақтағы мәслихат құрамын жаңарту бағытында сайлау болады деген сөздер айтылып жүр. Егер сайлау болып жатса Сіз өз кандидатураңызды ұсынасыз ба?
– Сайлау өтемін дегенше «сүт көп, көмір аз» сияқты. Дәл қазір бұл жөнінде кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын.
– Ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– «Жақсы адамға бір кісілік орын табылады» деген. Тәжірибемнің әбден толысып, көп орталарда мойындала білгенімнен болса керек маған ұсыныстар әркез болған.
– Елбасы еліміздің барлық өңірін Түркістанның тұлғалана түсуіне үлес қосу үшін бір-бір ғимарат салып беруге шақырып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысының осы бастамасын жүзеге асыруға Шымкент билігі әл-әзір дайын екендіктерін жеткізді. Құрылыстың қыр-сырын, ұңғыл-шұңғылын жетік білетін маман ретінде Сіз Шымкент Түркістанға қандай нысанды тартуы керек деп ойлайсыз?
– Иә, Шымкент қаласы әкімінің бұл сөзін жергілікті БАҚ жарыса жазып жатты. Өте орынды сөз болды. Облыс Түркістанға Шымкенттен көшіп барды. Сондықтан да екі қала бір-біріне әрдайым өте ыстық лебізде болуы қажет. Үшінші мегаполис киелі кентке не тарту етсе де жарасып кетеді. Ал әкімге қарата «Шымкент Түркістанға мынадай ғимарат салуы керек» деп киліккенім артық сияқты. Ғабидулла жас жігіт. Былайша айтқанда «ісінің барлығы ізденіс, қиялы қызық» азамат қой. Бұл ретте де оның қадамы осы сипаттамаға сай келетініне нық сенімдімін.
– «Уақытқа» уақыт бөлгеніңізге рахмет.
– Сіздерге де рахмет!
Сұхбаттасқан:
С. НҰРАЙ.