Түркістанды кім, қалай түлетпек? бұл ретте Түймебаевқа істің тетігін табатын кадрлар қажет

Осы аптаның бірінші күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Осы жылдың күнтізбесінде маңызы бөлек дата болатын бұл жиынға еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Түркістан қаласының басшысы Әліпбек Өсербаевтар қатысты.

Мемлекет басшысының 2018 жылдың 19-маусымындағы Түркістан қаласын жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы ету туралы Жарлығына сәйкес Тұран төрін дамытудың жоспары мен мүмкіндіктері жан-жақты талқыланған кеңесте Н. Назарбаев:
– Елімізде менің Жарлығым негізінде бір өңір – Түркістан облысының пайда болғаны белгілі. Біз көп ойланып осындай шешімге келдік. Оның атауы бойынша да түрлі сөз жарыстар болды. Дегенмен де, Түркістан деп атау туралы тоқтамға келу дұрыс таңдау болды деп санаймын. Енді Қазақстанда 16 емес, 17 өңір болады, – дей келе, бұрынғы облыс орталығы болған Шымкенттің тікелей орталыққа бағынатын қалаға айналғанын атап өтіп, сөзін былай деп сабақтады.
– Ал облыстың орталығын Түркістан қаласына көшіріп жатырмыз. Бұл тарихи жағынан да, мәдени жағынан да өте күрделі үдеріс деп санаймыз, – деді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның адам ізі суымайтын түркі дүниесінің орталығы болып табылатынын, енді еліміздің де орталығы болатынын, талай хандар мен баһадүрлердің жатқан киелі орын – Түркістанды бірте-бірте дамытуға кірісу керек екендігін қадап айтты.
Жиында Асқар Мамин Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы туралы баяндама жасады. Ал облыс басшысы Жансейіт Түймебаев әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшірудің барысын жеткізді. Бұдан бөлек ол, киелі кентте
инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салудың жоспары, жергілікті жерді энергиямен, сумен қамту бағытында ұсынылған шешімдер туралы хабардар етті.
Кеңесті қорытындылаған кезінде Елбасы Үкімет пен облыс басшылығына Түркістанды түлету бойынша
бірқатар тапсырмалар жүктегені белгілі.
Елбасының атан түйеге жүк болардай міндетін алудан бұрын, жаңадан құрылған облыстың орталығы – Түркістанды дамыту бойынша мемлекет басшысының зор сеніміне ие болған Жансейіт Түймебаевтың ендігі беделі қаланың бағындырған белестерімен тығыз байланыста болатыны анық. Дей тұрғанмен, Түркістанды түлетуде Жансейіт Қансейітұлының жалғыз-жарым болып жетістікке қол жеткізуі әсте мүмкін емес. Оған көп болып бірігудің, «жұдырықтай жұмылудың» маңызы орасан зор. Яғни, істің ілгері басуына қарамағындағы құзыры бар кадрларының іскерлігі де аса қажет.
Өкінішке орай біз әл-әзірге облыс әкімдігі активінен Ж. Түймебаевтан басқа Түркістанды түлетуге барынша құлшынып тұрған, барынша ұмсынып жатқан кадрды байқай алмай отырмыз. Және мұның уақытша құбылыс екеніне бек сенім артқымыз келеді. Біздің бұл сөзіміз шенеуніктерді тұғырынан тайдыру емес, «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген шырыл екенін баса айтқымыз келеді.

Қ. ҚАЛИЕВ.