Руханиятқа серпін берген Түркістан
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Бұл мақала қоғамға үлкен ой салып, сілкініс туғызды. Сананы жаңғырту басты орынға шықты.
Күлтегін, Алты Алаш һәм Мәңгілік Ел
Жуырда Түркістан қаласында Түркістан Қоғамдық Кеңесінің отырысы өтті. Ол жиында 7 мәселе талқыланды. Бізді елең еткізгені – ономастика мәселесі. Дәлірек айтсақ, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге жаңа атаулар берілетіні жарияланып, бірауыздан қабылданды. Көшенің жаңа атаулары
жаныңызды жадыратып, тарихи танымыңызға серпіліс әкеледі.
Мәселен, Алты Алаш, Күлтегін, Шалкиіз жырау, Ханқорған, Ақын Сара, Қыз Жібек, Қазтуған жырау, Күйші Дина, Ақтамберді жырау, Жанқұтты би, Естай, Қорлан, Байдалы би, Қамбар батыр, Елшібек батыр, Желкілдек батыр, Тілеулі батыр, Бекет ата, Құлтума ақын, Әбілмәмбет хан, Болат хан, Сығай хан, Есіркеп сұлтан, Ақтайлақ би сынды тұлғалар қазақ үшін өте ыстық. Ендеше, жас ұрпақ өзі тұратын көшенің кімнің атында екенін біліп өссе, елсүйер азамат болатыны анық. Отаншылдық – ұлы тұлғаларды құрметтеуден және соларға еліктеуден де басталмай ма?
Тарихи тұлғалармен қатар Түркістан көшелеріне Қазақ даласының әр қиырындағы құтты мекендердің де аты берілген. Мысалы, енді сіз Түркістанда жүріп Қарағанды, Қостанай, Өскемен сынды облыс атын иемденген көшелерді көресіз. Оған қоса Мәңгілік Ел, Күлтөбе, Қостөбе, Қозыбасы, хантау, Құмкент, Зеренді, Аңырақай, Айыртау, Ақсуат, Ұлы дала, Жидебай, Ерейментау, Нұр-Астана, Бурабай, Ақжайық, Баянауыл, Жаңаөзен, Тарбағатай, Үстірт, Бадам, Қызылқұм, Жаңаарқа, Қарқаралы және өзге де жүрекке жақын атауларды иемденген көшелермен серуендейсіз. Ал, Елім-ай, Аламан, Қаршыға, Саламат, Арнасай, Атамұра, Атақоныс, Ақ босаға, Арғымақ, Елқоныс, Ер Төстік, Аманат, Баққоныс, Асар, Желмая, Мәдени мұра, Дарабоз, Дауылпаз, Жеті қазына сынды сөздер де болмысымызға жақын әрі мағыналы екені анық.
Осы жиында Түркістан қаласындағы «32-Разъезд» елді мекені Қарсақты елді мекені болып өзгертілсе, «30-Разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталатыны да белгілі болды. Бұл туралы баяндаған облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Асылхан Темірхан көшеге ат беруде ел пікірі ескерілгенін атап өтті.
Қоғамдық Кеңес отырысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Мінеки, Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келгенімізге тура 1 ай болды. Облыс орталығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Түркістанның дамуына Елбасымыз тікелей назар аударып, көңіл бөліп отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 млн. 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында қатынайтын жүрдек пойыз, Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында автобус маршрутын ашу бойынша алдын ала Өзбекстан тарапымен келісіліп, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жолданды. Қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды. Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен 3 подстанция құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Су, газ мәселелері жедел қолға алынады. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Мен облыс кәсіпкерлерін Түркістан қаласына инвестиция салып, өз жұмыстарын жүргізуге тағы да шақырамын. Әкімдік тарапынан қолдау болады. Бас Жоспар қабылданғаннан кейін Түркістанда құрылыс қарқын алады. Біз Түркістанды Түркі әлемінің орталығына, саяхатшылардың сүйікті қаласына айналдыруымыз керек», – деді.
Иә, бүгінде Түркістанның Бас жоспарын бекіту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл байқауға Қазақстанның ғана емес, шетелдің де компаниялары қатысып, өз жоспарларын ұсынды. Енді солардың ең сапалы әрі үздігі таңдалып алынады. Ең бастысы, Түркістанның тарихи шаһар екені ескеріліп, Қ. А.Ясауи кесенесі мен тарихи ескерткіштері назардан түспеуі тиіс. Қазақтың 21 ханы мен би-сұлтандары, ер жүрек батырлары мәңгі қоныс тепкен қала шын мәнінде қазақты біріктіруші, ұлттық идеологияны қалыптастырушы орталыққа айналуы үшін ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Оның бірқатары басталып та кетті. Түркістан облысында қолға алынған істер осы ойға жетелейді.
Үш шыңға – үш бидің есімі
Жасыратыны жоқ, Ресей отаршылдығы жылдарынан бастап қазақ даласындағы жер-су аттары өзгеріп кетті. Ата-бабаларымыздан қалған жер-су аттары қазаққа мүлдем жат орыс басқыншылары мен билеушілерінің атымен аталды. Тіпті, қазірдің өзінде елімізде білдей екі облыс әлі күнге дейін тарихи атын қайтара алмай жүр. Әйтпесе, Петр мен Павел біз әспеттейтіндей тұлғалар емес. Теріскей мен Шығыс Қазақстандағы жағдайды түсінеміз. Бір өкініштісі, ономастика мәселесі қазағы қалың өңірлерде де өзекті болып келді. Талай шыңдарымыз бен елді мекендеріміз өзге ұлтқа тән аталып жүргені шымбайға бататын. Дегенмен, Тәуелсіздік алғаннан кейін Оңтүстікте намысты азаматтар жер-су атауларына мән беріп, бірқатар жұмыстарды қолға алды. Бұл бағытта да Түркістан облысы өзгелерге үлгі көрсете бастады.
Жуырда Түркістан облысында үш шыңға қазақ тарихында орны бар Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімі берілді. Бір көрінгенге бұл оп-оңай шаруа сияқты болуы мүмкін. Бірақ, игі шараны атқару барысында жүрегі қазақ деп соққан азаматтар аянбай еңбек етті. Құжаттарды реттеп, ұсыныстарын жеткізді. Бастамаға Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетіп, көптің көкейіндегі арман орындалды.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында облыстағы «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында «Бұл – біздің таулар!» атты тау фестивалі өтті. Жыл сайын өтетін фестиваль ғой деуіңіз мүмкін. Алайда биылғы фестивальдің орны ерекше. Себебі, ол Қазақ хандығына қалтқысыз қызмет еткен Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы және Әйтеке би Байбекұлына арналды. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен өткен фестивальді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Түркістан облыстық альпинистер федерациясы ұйымдастырды. Бұрын Студентов (3750 м) деп аталған шың енді Әйтеке би шыңы деп аталса, Кергели узловая (3787 м) шыңына Қазыбек бидің есімі берілді. Ал, Рощина (3860 м) шыңы енді Төле би шыңы деп аталады. Осылайша, бір күнде 3 бірдей шың ұлттық ұғымға сай атқа ие болды.
Ел рухын көтерген фестивальде Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист қатысты. Оның жартысы аталған шыңдарды бағындырды. Іс-шараның мақсаты ішкі спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру болғанымен мағынасы тым тереңде еді. Оны фестивальге арнайы келген ақсақалдар да атап өтті. Ұлы тұлғаларды ұлықтаған жас ұрпаққа алғыстарын жеткізді. Үш шың қазақ бірлігінің символына айналатынына сенім білдірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен фестивальдің маңыздылығына тоқталып, альпинистерді Алғыс хатпен марапаттады. Ел рухын оятатын іс-шаралар жалғасын табатынын айтты. Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Түркістан облыстық альпинистер федерациясының президенті Бақытжан Асанов «Елімізде тарихи аты бұрмаланған жер-сулар көп. Біз азат ел ретінде олардың тарихи атауларын қайтарып, жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыруымыз керек. Қазақ жастары арасында ішкі туризмді насихаттап, олардың табиғатты қорғауға деген ынтасын ояту да –негізгі міндетіміз» деген-ді. Белгілі өлкетанушы әрі журналист Кеңесбай Исмаилов үш шыңға үш бидің атының берілуі өте ұтымды шешім болғанын айтады. «Бұл – көкейде жүрген мақсаттардың бірі еді. Негізі жер-су аттарын беруде терең ойланып барып әрекет жасаған жөн. Өзбекстанмен шектесетін тұста орналасқан шыңдардың үш бидің есімімен аталуы маған ұнады. Үш би шекараны бойлай, рухани тұрғыда еліміздің тыныштығын күзетіп тұрған секілді. Кезінде біз қолға алған «Бұл – біздің таулар!» фестивалінің жалғасып жатқанына қуаныштымын. Осындай игі іспен сабақталғаны да мен үшін мақтаныш. Туризмді дамыту арқылы табыс көзіне айналдыра аламыз», – дейді ол.
Таңбалы тастарда бабалар ізі бар
Ғылыми конференциялардың бірінде профессор Серік Негимов «Цифрландыруды қазақ бірнеше ғасыр бұрын бастап кеткен. Әр рудың таңбасының өзі – цифрландыру» деген болатын. Әзілдеп айтса да, ағамыздың сөзінде жан бар. Қазақ даласындағы балбал тастар мен тау-тасқа мәңгі қашалып жазылған петроглифтерді зерттеу, сырын ашу және сақтау – үлкен міндет. Әйтпесе, қазір тауға өз атын немесе бейәдеп сөз жазып кететін есерлер көбейіп кетті. Талай мұрамыз сол дүмбілездердің кесірінен зардап шекті. Ашық аспан астындағы мұражайларымыз жеткілікті деңгейде қорғалмағандықтан сыры мен сынын жоғалтуда. Бұл жағдайда қайтпек керек?
Біріншіден, елдің санасын оятқан жөн. «Айналайын, мына таңбалы тастарда сенің бабаңның ізі мен қолтаңбасы жатыр. Оны көзіңнің қарашығындай сақта», – деп әрбір жастың миына құйып отырған абзал. Ал, ол үшін осындай шежірелі орындарымызды насихаттау – кезек күттірмес мәселе.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да тарихи санамыз, ұлттық кодымызды ұмытпау керектігі айтылған. Осыған көңіл бөлген Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы жуырда «Таңбалы тастар – бабалар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – Қазақстанның киелі жерлеріне енген өңірдегі 24 нысанды таныстыру әрі киелі өңірдің бай тарихы мен таңбалы тастарын насихаттау. Сонымен қатар, өңірге келетін қонақтар үшін жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру.
Белгілі өлкетанушылар мен саяхатшылардан және БАҚ өкілдерінен құралған топ Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласындағы көне ескерткіштер мен тарихи орындарды аралады. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданындағы Боралдай петроглифтері мен Ақмешіт үңгіріне, Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі мен Арпаөзен петроглифтеріне, Созақ көне қаласы мен Қарабура кесенесіне, сондай-ақ Кентау қалалық өлкетану музейіне ат басын бұрып, жұртшылыққа құнды деректер жариялады. Көпшіліктің қызығушылығын оятты. Енді Түркістан облысына келетін туристер саны артуы бек мүмкін. Ал, ішкі туризм – тек табыс кілті ғана емес, патриотизмді қалыптастырудың төте жолы.
Ғалым
ӘДІЛЖАНОВ.