ҚОЙНАУЫ ҚҰТ ТҮЛКІБАС ШУАҚТАРҒА ШОМЫЛДЫ


Соңғы бір ғасыр шеңберінде Майлыкент деген мекенде Түлкібас атты әулие өмір сүрген екен. Жаратушы оның бойына денесін сырқат бойлап, зіл басқан адамдарға күш беріп, сауықтыратын қасиет дарытыпты. Бірақ оның бұл құдіреті туралы ел сенімі ала-құла болыпты. Бірі шипагер екеніне шүбәсіз сенсе, енді бірі оған күмәнмен қарапты. Бірақ әрдайым әліптің артын бағатын Түлкібас әулие ол үшін жігерін құм қылмай, дертіне дауа, сырқатына ем іздеп келген жандарға жәрдемін беріп өз жолымен жүре беріпті. Көркем мінезге ие болған ол талғажау болар тамағын әзер табатын кедейлерге де қысылғанда ықтасын болып, аяқтан тұрып кетулеріне ықпал етуді сүйексіңді әдетіне айналдырыпты.
Күндердің күнінде әулие жылқысын жылғадан суғару үшін Майлыкенттегі «Көсемшек» шоқысына келеді. Сол заматта оны ауылдың тексіздікке таяу мінездері бар бір топ азаматы көріп, жөн-жосықсыз балағаттай бастайды. Сонда Түлкібас соларға қарап түкіріп жібереді екен. Әудемжерге түскен түкіріктен сол заматта бұлақ пайда болыпты. Одан атқылап таңдайда дәмі қалатын су шығады. Содан бастап Түлкібас әулиенің тегін адам емес екеніне жұрт риясыз сеніп, оны құрмет тұтыпты. Айтқандай әлгі бұлақтан аққан суды ішкен біраз адам сырқатынан сауығып кете барған. Түлкібас қайтыс болғанда, ол өзінің аманаты бойынша «Көсемшек» шыңына арулап жерленеді. О дүниелеік болса да тұрғындар оның басына барып, ниет еткен. Арада бірнеше жыл өткенде Майлыкентте қатты құрғақшылық болады. Жұрт бұл жұттан әбден қысылған соң, амалы құрып, үкілі үміттің жетегінде әулиенің басына келіп, одан» Осы қиындықтан шығуға себепкер болсаң, осы жерді сенің құрметіңе арнап атаймыз» деп жалбарынған деседі. Сонда аспанды қара бұлт басып, қатты нөсер орнапты. Бұл құдіреттен соң тұрғындар көп ұзамай Майлыкент жерінің атауын «Түлкібас» деп өзгерткен екен. Тарихы осындай аңыз-әпсанамен байланысып жатқан, ерекше құт пен кие дарыған ауданға биыл 90 жыл толып отыр.

Ақындар арқаланып қайтты

Осыған орай осы аптада Қаратау мен Алатаудың төс түйістерген мекені, табиғаты әсем Түлкібас ауданында торқалы той болды. Тоқсан жастың төріне жеткен ауданда бұл мереке ерекше аталып өтті. Қазақ халқының мақтанышы, білекті, жүректі батыры Бауыржан
Момышұлы, алаштың айбынды ұлы Тұрар Рысқұлов, қаламы қарымды, жазуы жүйрік көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза, талай шәкірттің санасына сәуле шашқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов сынды анадан арда туған азаматтардың кір жуып, кіндік қаны тамған ауданның айтулы күні ауқымды шаралармен аталып өтті.
Елбасы өзінің кезекті бір сөзінде тойды да тойлау керек, ойды да қозғау қажеттігін баса атап өткен болатын. Осы бір салмақты сөздің қадіріне терең бойлаған Түлкібас аудандық әкімдігі 25-қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде «Түлкібасым – Тұраным» деген тақырыпта облыстық жас ақындар айтысын өткізді. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған сан ғасырлар бойына ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрімізді барынша насихаттау бағытында ұйымдастырылған іс-шараға күнгейдің 10 аудан, қаласынан жас таланттар келіп, өзара бақ сынасты. Оған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты. Талабы таудай жас ақындар айтысында ел тәуелсіздігінің асыл мұраттары, оның басты құндылықтары, сонымен қатар, қойнауы ырыс-берекеге толы Түлкібастың бүгінге дейін жеткен жетістіктері тақырып өзегіне айналды. Осылардың барлығын «айналасы жұп-жұмыр» өлең шумақтарымен көңілдерінің өрінен, жүректерінің төрінен жеткізген олар залда отырған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сөз жарықтықтың құдіретін тағы бір дәлелдеген жас ақындар айтысында бас жүлдені Бәйдібек ауданынан Қажымұқан Абзалов, І-орынды Сарыағаш ауданынан Нұрғалия Анапия, ІІ-орынды Түлкібас ауданынан Жұмаәділ Серік пен Шымкент қаласынан Мейіржан Жақыпов, ІІІ-орынды Түркістан қаласынан Гүлмарал Сейдахмет пен шымкенттік Абылай Құлтай жеңіп алды. Оларға қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

«Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы»

Ауданның 90 жылдық айтулы тойы келер күні, дәлірегі,
26-қыркүйекте жоғары деңгейде аталып өтті. 1928 жылы негізі қаланып, бүгінде 90 жылдық торқалы тойын тойлау шарасына түгел жиналып, Түлкібасқа бет алған қонақтар ең алдымен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі бойында орын тепкен қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мерейтойға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ауыл ардагерлері, ауданның абыз ағалары, облыстан түлеп ұшқан ел ағалары мен тұрғындар қатысты.
Шара барысында М.Х.Дулати атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда алғаш болып сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол:
– «Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің тоқсан жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі – Түлкібас ауданы, Түркібасы аймағы. Иә, тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр,-дей келе, ауданда осы торқалы той қарсаңында бірнеше нысандардың салтанатты ашылуы болып өтетінін, әрбір той, жаңа жұмыстардың, толағай тірліктердің бастауы болуы тиістігін, ал қасиетті орынның жақсаруы, жаңғыруы баяндылыққа ұласа беруі туралы игі тілектер айтты. Содан соң ол ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бір топ азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Жиында қоғам қайраткері З.Тұрысбеков, ғалымдар М.Мырзахметов, Д.Қожамжарова және Д.Қамзабек баяндама жасап, Түлкібастың тарихы мен орны туралы тағылымды сөз қозғады.
Тұлғалы азаматтардың есімдері еңселенді
Содан соң жұрт Түлкібас стансасының маңына жиналды. Онда облыс, аудан әкімдері мен өңірдің ардақты азаматтары қазақ ұлтынан алғаш болып топ жарып шыққан теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаев пен Тұрар Рысқұловтың құрметіне арнайы жасалған еңселі ескерткіштің ашылу салтанатының куәсі болды. Алаштың айтулы тұлғаларына арнап қатар ескерткіш орнатудың мәнісі зор. Себебі, Мұхаметжан Тынышпаев өзінің өркенді өмір жолында Арыс-Әулие ата теміржол учаскесінің басшысы болып, аталған аралықта сағым қуған далаға болат жолдарының көсіле тартылуына ересен еңбек сіңіріп, теміржол өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бүгінде Түлкібас стансасы арқылы әр тәулікте бірнеше жүк құрамдары мен жолаушылар пойызының сайын даланың апшысын қуырып өтіп жатқанына Жетісу өңірінің тумасы Мұхаметжандай азаматтың қолтаңбасы жатыр. Ол Түлкібаста қайнаған еңбек ортасында жүрген жылдарында Тұрар Рысқұловпен жолдары түйісіп танысады. Ә-дегеннен-ақ, жан тазалығын, ар саралығын бойтұмар еткен Тұрардай азаматтың бойындағы ізгілікті, ізденімпаздықты байқап, оған қолынан келген қолдауын көрсетеді. Мұндай риясыз көңіл кейіннен екеуінің жақын жолдас болып кетулеріне жол салады. Ұйымдастырушылар қос азаматқа көрсетілген мұндай құрметпен «Еңбек ерді өсіретінін», туған жерді түлетудегі қайсарлық ел жадынан ешқашан өшпейтінін, достық пен бауырластық ердің еңсесін көтеретінін мәністей түсті.

Киелі жерді қорғау – қасиет

Көңілдерге жылылық ұялатқан осы бір шарадан соң көпшілік аудан орталығы Т. Рысқұлов ауданындағы көпірдің ел игілігіне берілуінің куәсі болды. Өз кезегінде бұл ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бірнеше уақыттан бері айтылып жүрген барыс-келістің жақсаруы, діттеген жерге дер кезінде жету сынды біраз мәселелерге нүкте қойды.
Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қолға алынғаны мәлім. Аталған жоба бойынша арнайы түзілген тізімге Түркістан облысындағы 24 нысан енгізілгені белгілі. Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен жергілікті жердегі қасиетті орындардың тізімі жасалған-тын. Оған барлығы 60-тан астам нысан енгізілген. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің берген мәліметі бойынша осы тізімде Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылынан 2 шақырым, Азаттық ауылында, Шымкент-Алматы автомобиль жолының сол қапталындағы беткейінде орналасқан «Түркібасы әулиесі» кесенесі де бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл нысан да қайта жаңғыртудан өтті. Түлкібастың 90 жылдығы аясында аудан тұрғындары мен қонақтары аталған нысанның жаңаланған, жанданған келбетін тамашалап, ғажайып әсерге бөленіп қайтты. Түлкібастың беделін көтеріп, мерейін асырған бұл күнде аудандық денсаулық сақтау саласына жедел жәрдем көлігінің кілті салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында түлкібастықтар жаңарған орталық саябақтың куәсі болып, мейманасы тасыды. Бұл шарадан соң жиналған жұрт аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Мерекелік шара «Тұңғыш Президент» саябағындағы гала концертпен жалғасты.

С. НҰРАЙ.