Түркістанды түлету – ортақ іс

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «…Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің
маңызды көріністерінің бірі» – деп әрбір азаматты кіндік қаны тамған киелі мекенін барынша құрметтеуге, өңірді өркендетуге атсалысуға шақырған болатын. Соның негізінде еліміздің барлық аймақтарында атпал азаматтардың атсалысуымен бірталай ауыз толтырып айтар тірліктер жүзеге асты.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі арнайы құрылған комиссия аталған бағдарламаны іске асыру бойынша 2017 жылдың негізгі қорытындылары туралы есебінде «Туған жер» жобасы аясында республика бойынша жалпы 1438 нысан пайдалануға берілгенін алға тартқаны соның айғағы. Бұдан бөлек аталған жоба аясында еліміз бойынша 735 нысан абаттандырылып, қалпына келтірілген. Осы тұста ең бір ерекше атап өтерлігі ол қолы ашық, пейілі кең меценаттардың есебінен 51 млрд. теңгеден астам демеушілік жасалған.
Бір қуанарлығы мұндай игілікті шаралар тек 2017 жылмен ғана шектеліп қалмай, осы жылда да жемісті жалғасын тауып келеді.
Жуырда облыс басшысы Жансейіт Түймебаев облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен және өңірдің іскер азаматтарымен кездесіп, оларды облыс орталығы – Түркістан қаласын жан-жақты дамыту үшін жасалған жобалармен таныстырды. Тұран төріндегі бұл басқосуда көпшілік назарына талай тарихи сәттерді бастан өткерген қаланың ескі келбеті мен қазіргі көрінісі туралы арнайы әзірленген фильм көрсетілді.
Маңызы бөлек отырысты жүргізіп отырған облыс басшысы жиналғандарға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі кентті көркейту ісінің жолға қойылуын тек бюджет есебінен ғана емес, оған еліміздің өзге өңірлерінің, ұлттық компаниялар мен белді кәсіпкерлердің де атсалысуын атап өте келіп, жергілікті жердегі өз қолы өз аузына жеткен азаматтарды да осы іске өзіндік үн қосуға шақырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол, келешекте тек Қазақстанның ғана емес, түркітілдес елдердің рухани-мәдени орталығына айналатын Түркістанның ажарын барынша аша түсу үшін жиналғандарды жергілікті жерде түрлі әлеуметтік нысандар мен ойын-сауық орталықтары сынды халыққа қажетті ғимараттар салуға үндеді. Бұл туралы ол:
– Өздеріңізге жақсы мәлім. Жалпы Түркістан қаласының туристік әлеуеті аса жоғары. Өткен жылдың өзінде осы жерге киелі кесенені көру үшін 1 миллионнан астам туристің табаны тиген. Бірақ бұл көрсеткішті көтеру біздің негізгі мақсатамыз. Оған қол жеткізу үшін жаңа даму дәуірі басталған көне шаһарда алдағы уақытта әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салу көзделуде. Бұдан өзге тұрғындар мен қала қонақтарына сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік мәдени нысандар бой көтермек. Атап айтар болсам, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы аумақта әкімшілік ғимарат, басқармалар мен департаменттер үйі, драма театр, конгресс-холл, филармония, кітапхана, мәдениет сарайы, 500 орындық мешіт, спорт кешені, стадион, жүзу бассейні, Назарбаев зияткерлік мектебі, саябақтар, көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, көрме орталығы, мұражай, опера және балет театры, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті жердегі филиалының ғимараты, денсаулық сақтау нысандары және т.б. әлеуметтік-мәдени нысандар болып табылады. Ең бірінші кезекте біз оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды қолға алуымыз қажет, – деді.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар аймақ басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдайтындығын жеткізді. Жиында осы мақсатта бірқатар азаматтардың тың тірліктерді қолға алуға белін бекем буып отырғаны да мәлім болды. Мәселен, есімі елге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов Түркістан қаласынан «Rixos» бес жұлдызды қонақ үйі үлгісіндегідей мейманхана салуды бастап кетсе, сонау Түркия еліндегі іскер азамат бес жұлдызды қонақ үй тұрғызудың жобасын жасап үлгеріпті. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы, кәсіпкер Қайрат Балабиев киелі кент жерінде спорт фитнес орталығын салуға тас-түйін дайындалып отыр. Өз сөзінде Қ. Балабиев мемлекет басшысының тәуелсіздік арайындағы жылдардан бастап күні бүгінге дейін кәсіпкерлерге жәрдем көрсетіп келгенін, ендігі кезекте, олардың елге, мемлекетке қызмет ететін уақыты жеткенін атап өтті. Оның бұл сөзі қаншама істерге ұйытқылық болуға барынша қабілетті азаматтарға жаңа қарқынмен, жаңа күшпен жұмыс бастауға құлшыныс туғызды.
Жалпы алдағы уақытта осындай жомарт жандардың бастамасымен қолға алынған ізгілікті істердің арқасында өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, бойында оны түлете түсетін ерік-жігер еселей түсетіні белгілі.

С. НҰРАЙ.