АДАЛ ҰРПАҚ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ТІРЕГІ

Білім күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан орталығындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясына барып, мектептегі «Адал ұрпақ» еріктілер клубының «Адал жол» эстафеталық марафоны аясында өтіп жатқан «Адал ұрпақ – мәңгілік ел тірегі» атты ашық сабағына қатысты.
Мектептің белсенді оқушыларынан құралған клубтың негізгі мақсаты білім беру мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа “нөлдік төзімділік” қағидатын қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы күресті күшейту болып табылады. Ашық сабақты жүргізіп отырған «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жетекшісі Жомарт Мыңбаев клуб мүшелерін «Әділдік», «Абырой», «Адалдық», «Жауапкершілік» атты 4 топқа бөліп, сабақты сайыс түрінде өрбітті. Топ ұрандары, оның шумақтары айтылып, әр топ атауын мағынасы мен мән-маңызына қарай қорғап шықты. Сабақ барысында сыбайлас жемқорлықтың адамзат баласына тигізер зардабы жайында бейнебаян көрсетіліп, бейнебаяндағы көрініс бойынша оқушылар ойларын ортаға салып, өз пікірлерін өмірмен байланыстыра толғаныспен жеткізді.
Қызықты та тартымды өткен ашық сабақтың басынан-аяғына дейін қатысқан аудан әкімі оқушылармен бірге сабаққа араласып, клуб мүшелерін одан әрі қызықтыратын әңгімелер айтып, алдағы жұмыстарының қандай бағытта өрбуі керектігі жөнінде тың идеяларды ортаға салды. Сондай-ақ сыбайластықтың алдын алу бойынша оқушыларға сауалдар жолдап, оқушылардың таным-түсігін арттыратын ойлы оқиғаларды сөз еткен аудан басшысы әр топ атауына берілген төрт қасиет әр адам баласының бойынан табылса сыбайластықтың қоғамнан мүлде жойылатынын тілге тиек етті
— Болашақ бүгіннен басталады. Заманымыздың ертеңін жасайтын жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеумен қатар, қазіргі қоғам дерті – жемқорлық пен сыбайластықтан таза тұлғаларды қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген болатын. Ұлттық тәрбиеге тікелей ықпал жасайтын білім ордалары, отбасы, қоғам, орта. Қазақстанның болашағы — Ұлтжанды, адами құндылықтарды бойына жиған, қиыншылықтан жол табатын, экономикалық бәсекелестікке қабілетті, ары таза иманжүзді, біреудің қолдауынсыз өз еңбегімен білім алған, елі мен жерін сүйетінін атқарған ісімен дәлелдеген жастарды көргіміз келеді. Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық қасиеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектепте қалыптастыру баршамыздың міндетіміз. Бүгінгі “Адал ұрпақ” еріктілер клубының жұмысына қарай отырып, басты мақсатымыздың орындалып жатқанын көруге болады. Алдағы уақытта да клуб жұмысын үзбей, жоспарлы түрде жалғастыру керек, – деді аудан басшысы.
Тартымды әрі қызықты өткен сабақ барысында жас клуб мүшелері шараға арнайы келіп, оқушылармен бірге пікірлесіп, ақыл-кеңестерін айтқан аудан басшысына алғыстарын айтып, сыбайластықпен күресті өмірлік ұстаным ретінде алып, осы жолда ел игілігі үшін қызмет ететіндеріне сенім білдірді.