Кереметті Тесіктас әулие һәм түрлі із орындары
Ордабасының Қотырбұлақ әулиесіне зиярат етушілер босаға делінетін екі тас арқылы кіреді. Содан көп ұзамай-ақ шырақ жағатын орын кездеседі. Әулие таста ең әуелі қасиетті Құран кітабы қойылған орын бар. Сол арада Пайғамбар тізерлеп отырып, кітапты оқыпты. Сонда Пайғамбардың қос тізесі тасқа тигенде, екеуінің де орыны түсіп қалыпты. Одан әрі өткенде, Қотырбұлақ әулие суының бұрынғы тастағы қос арнасының орны сақталғанын аңғарасың. Ертеректе шығыстағы оң арнасынан тәтті су, батыстағы сол арнасынан ащы су ағып шығатын екен. Ол киелі су денедегі жаралар мен қотырларға, қаншама ауруларға шипасы тиіп, ем болыпты.
Сол жерден жоғарыға қарасаң, кереметтей Тесіктас әулиені көресің. Басқа жерлердегі Тесіктаста тізерлеп жүріп, я болмаса еңкейіп оңай ғана өтіп кете аласың. Бұл жерде олай емес. Бетіңді құбылаға қаратып, бүкіл бар денеңмен біргелікте жоғары қозғалып, оған бойыңдағы бар күш-жігерің мен қауқар-қуатыңды қолданып, шеберлік пен ептілік танытып қана: «Е-е, Аллаһ Тағала, бойымдағы ауыртпалық пен зиянкестікті өзің шеш, жасаған күнәларымды кешіре гөр», – деген тілекпен өте күрделі жағдайда өтесің. Басқа жерлердегі Тесіктастан мұның өзгеше екендігін де, кереметтей әсерін де одан өткен сәтте ғана діл жүрегіңмен сезінесің.
Тастың жоғарғы бөлігінде Пайғамбардың намазға жығылған жерінің орыны бар. Алайда қазір тастар мүжіліп кетіпті. Оң аяғы мен сол аяғының және аса таяғының іздері анық сақталыпты.