Пайғамбарлар мен әулиелер түнеген, іздері қалған жер
Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) өңіріндегі Ордабасы ауылына жақын орналасқан Қотырбұлақ әулиенің, яғни Ер Дәуіт Ата белгісінің құпия-сырын ең алғаш ашқан кісі – кешегі кеңес дәуірінде ескіше діни ілім-білімімен Қазақстан мен Орта Азияға танылып, ірі қайраткер ретінде атақ даңқы әйгіленіп шыққан, еліміздің ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның тәлабалары (шәкірттер, ізбасарлар) келіп, тәлім-тәрбиесін алған бөржарлық ғұлама Әбдіхалық қары Ысқақұлы (1905-1979) екен. Ол кісі көзі тірісінде Ер Дәуіт Ата белгісіне, қадамжай орынына зиярат етіп келіпті. Сөйтіп, оған үлкен баға беріп: «Бұл қасиетті, әулие орынға кезінде бұрынғы пайғамбарлар мен Құдай Табарака уа Тағалаға жақын ұлық әзіз әулиелер түнепті, өздерінің іздерін қалдырыпты. Мұның керемет қасиеті әлі бұдан да күшейіп, ашылатын уақыт келеді. Сонда бұл әулие орын Қазақстан мен Орта Азиядағы қасиетті орындардың ешбірінен кем болмайды. Бұл ара түбінде әулиелер көп жиналатын, топтасып ұялайтын орын болады», – деп болжам айтып кеткен екен.