АУДАН ПРОКУРОРЛАРЫ ІСКЕ КІРІСТІ
Бүгін Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Мақтаарал және Жетісай ауданының активіне жаңадан тағайындалған аудан прокурорларын таныстырды. Жиынға Мақтаарал ауданының әкімі Б. Асанов, Жетісай ауданының әкімі Ж. Бейсенбаев және аудан активі мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры Нұрғалым Мәжітұлы жаңадан тағайындалған екі прокурордың да еңбек жолына тоқталып, жаңа қызметте екеуіне де үлкен сенім артылып отырғандығын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының прокуроры қызметіне Жұмағали Жорабекұлы Ботабеков тағайындалып отыр. Ж.Ботабеков 21 шілде 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туылған. Оңтүстік Қазақстан аймақтық гуманитарлық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Сыныптық шені — әділет кеңесшісі. Соңғы қызмет орыны — Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі.
Ал, Н.Асқанбеков — 7 қыркүйек 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында туылған. Жоғары білімді. Қазақ мемлекеттік Заң академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Сыныптық шені — әділет кеңесшісі. Бүгінге дейін ол Мақтаарал ауданының прокуроры қызметін абыроймен атқарып келген.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі