МЫРЗАКЕНТ КЕНТІНІҢ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРЫН ТАСУМЕН «МЫРЗАКЕНТ-2020» ЖШС АЙНАЛЫСАДЫ


Бүгін Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде көше билері мен кент тұрғындарының қатысуымен кең көлемде мәжіліс өтті. Аудан басшысы Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиында тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі қаралды.
«Аудан орталығы болған Мырзакент кенті – қазіргі заманға сай келбетке ие болуы керек. Жасыратыны жоқ, кентте қараусыз жүрген малдар мен күл-қоқыс мәселесі өзекті болып тұр. Осы мәселелерді шешу үшін өздеріңізбен кеңесіп отырмыз» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Жиын барысында сөз алған Мырзакент кентінің әкімі міндетін уақытша атқарушы Марат Тұрановтың айтуы бойынша, бұған дейін тұрмыстық қалдықтарды алып кетумен айналысқан «Елсу и К» ЖШС-і, «Арман қала» ЖК-і тұрғындар тарапынан берілетін төлемақының толық жиналмауына байланысты жұмыстарын тоқтатыпты. Сондықтан, алдағы уақытта «Мырзакент-2020» ЖШС-нің басшысы Ү.Байжановпен келісімге келе отырып, тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды жер үйлерден әр қабына 100 теңгеден, ал көп қабатты үйлерден айына 300 теңгеден төлемақы төлеу туралы ұсыныс жасалды.
Аталған ұсыныстан бөлек, М.Тұранов Мақтаарал аудандық мәслихатының 2017 жылғы 5-сәуірдегі №13-99-VI шешімінің 2-қосымшасында көрсетілген Мақтаарал ауданы бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинауға, алып кетуге, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге және көмуге арналған тарифтер бойынша да келісуге болатындығын жеткізді. Яғни, шешім бойынша жер үйде тұратын тұрғындардың жан басына 106 теңгеден, ал көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардың жан басына 95 теңгеден тарифтер қарастырылғандығын еске салды.
Аудан әкімі Б.Асанов алдағы қыркүйек айына дейін тұрмыстық қалдықтарды алып кетуші мекеме әрбір тұрғын үймен келісім-шарт жасауы керектігін атап өтті. Ол үшін кент әкімдігі мен көше билері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, «Мырзакент-2020» ЖШС-мен біргелікті жұмыс істеуі керектігін ескертті.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі