30-дан аса Фарабилер шыққан
Қ.А.Ясауи хикметінде айтылғандай, көне Отырар – ғылымды қала. Деректерде әлемде Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды Отырар кітапханасы иемденген. Ғалым Ақжан әл-Машани ол туралы: «…б.з. 100-178 жылдары өмір сүрген грек ғалымы Клавдий Птоломей Отырарда кітап қоры жағынан өте бай, Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алатын кітапхана бар деп жазыпты», – дейді. Кейбір деректерде көрсетілгендей, кітапхананы жер астына жасырған. Арыста бір мешіттің астында, екінші болжамда Қаратаудың аржағында, Шу өзенінің бойында үңгір бар, сонда жатыр дейді білетіндер. Шындығында бұған әлі нүкте қойылған жоқ.
Десе де, Отырар қаласы Фарабиден кейін де білім мен ғылымның қайнаған ошағы болған. Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі Отырардан 30-дан аса ғалым, яғни Фарабилер шыққанын дәлелдеген (Отырар қаласы Фараб деп аталғандықтан, шаһардан шыққан ғалымдар өздеріне Фараби есімін қосқан).
Керек дерек.
✔ Отырар атауының этимологиясы. К.Байпақов оғыз тілінде ұзақ тұрақ, бір орында тұруға байланысты «тураш иер» атты сөз тіркесінің барын тілге тиек ете отырып, «Отырар», «Тұрар» сөздері осыдан туындаған дейді. Көне Фараб сөзі «өзеннің арғы жағы», «жағасы» дегенді білдіреді.
✔ Қазба жұмыстары кезінде Отырардан шахмат тақтасы табылған. Бұл жергілікті халықтың ақыл-ой, сана-сезіміне ықпал ететін ойындарды ертеден меңгергендігін айғақтайды.
✔ 2015 жылдан бері «Қазреставрация» мекемесі оңтүстік-батыс қақпасына жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
✔ Бүгінде ежелгі қаланы көруге жылына 100 мыңнан астам турист келеді.