ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАҒИДАСЫНЫҢ БІРЕГЕЙ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы санаға серпіліс тудырып, тұтас елге қозғау салды. Жұрт жайдары қабылдаған ол мақалада келешекті болжай білетін, алдағыны ойлай алатын Елбасымыз Қазақстанның дамуы жолында жаңа сапалық деңгейге қол жеткізетін айқын да жасампаз идеяларды ұсынады.
Қолға алсақ «Алдымыздан ақ күн туатын» нақты қадамдар мақала өзегіне айналады. Өрісті өрлеуімізге негіз болатын мақалада айтылған орамды ойларды зерделемес бұрын, оған қойылған тақырыптың мәнін мәністей кеткен жөн сияқты. «Ел межесі – елулік» деп алға қарай ұмсынған қазақ елінің ендігі мақсаты – ең дамыған отыз елдің қатарынан орын алу. Бұл тоқтаусыз талқыланып жатқан тақырып. Осы бағытта мемлекет экономикасын көтеретін түрлі реформалар мен бағдарламалар қабылданып жүзеге асуда. Бірақ «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатыны» (Елбасы теңеуі) анық. Сана өзгермей, сапа өзгермейді. Асқақ арманға қол жеткізудің басты кілті ол – сананы жаңғырту болып табылады. Аталған мақалада сол рухани жаңғыруға даңғыл жол ашатын мүмкіндіктер мен нақты қадамдар көрініс табады.
Кіріспе және «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тарау мен қорытындыдан тұратын мақаланың «Сананы жаңғырту» атты алғашқы тарауының мазмұны көңілімнің төрінен орын алды. Іргелі ізденістердің жиынтығы саналатын ол тарау 6 бағытты қамтиды. Олар «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» және «Сананың ашықтығы» сынды жоталы-жоталы тақырыптармен белгіленген.
Қазақ елін дамытуға бағытталған идеологиялық тұжырымдаманың әр бағытында айтылған ойға терең бойласаң мақаланың ісімізді ілгерілетуде бағыт алар бағдарымыз екеніне көз жеткізесің.
Бұл тұрғыда тарқатып айтпас бұрын сәл артқа шегініс жасап, жыл басындағы Елбасының халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік атты» Жолдауындағы кейбір жолдарды еске түсірсек. Онда Ұлт Көшбасшысы «Мәңгілік Ел» боламыз деп еңсе тіктеп, өзімізге үлкен міндет жүктеген Қазақстанның Кеңес Одағынан шығып, өз алдына мемлекет болған 1991 жылдағы тарихи кезеңде бірінші жаңғыруға аяқ басқанын, одан абыроймен өтіп, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан 2030» стратегиясындағы нақты міндеттердің орындалып, бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарынан көрінгеніміз екінші жаңғыру аралығын қамтығанына тоқталып өтеді. Ендігі кезекте «Қазақстан–2050» Стратегиясының мақсаттарына бастайтын үшінші жаңғыруға аяқ басқанымызды алға тартады. Бұл бағытта қолға алынуы тиіс талаптар мен тапсырмалар көрсетіледі. Үшінші жаңғыру кезеңін лайықты түрде еңсеруде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттердің жүзеге асуы үлкен маңызға ие. Өйткені бұл екеуінің арасында бір-бірін толықтырып тұрған тығыз байланыс бар.
Біздің ең негізгі байлығымыздың бірі – ол тәуелсіздік. Егемендік – ата-бабамыз сан ғасырдан бері арман еткен бақ жұлдызымыз. Сол бақты бабында ұстау үшін бізге ең қажетті тетіктің бірі ол бәсекелік қабілетті болу. Бұл туралы Елбасы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», — деп түсінік береді. Қоғамда немесе жаһандық нарықта бағасы не болмаса сапасы жөнінен өзгелерден жақсы қырынан ерекшелене түсетін ұтымды дүние ұсыну бәсекелік қабілеттің талабынан табылуды білдіреді. Мұндай сынақтардан сапаланған адаммен жақын таныса түссеңіз оның көзі ашық, көкірегі ояу азамат екеніне көз жеткізесіз. Яғни, оның күн құрғатпай дамып жатқан технологияның тілін жетік түсінетінін, бір тілде шектеліп қалмай, өзге де шетел тілдерін меңгергенін, жер бетінде болып жатқан әрбір жаңалықтан хабардар болып, оған пікір білдіріп, үн қоса алатындығын байқай аласыз. Рухани жаңғырудың жолдары баяндалған мақаланың «Бәсекелік қабілет» бөлімінде мұндай мерейлі міндетке қол жеткізуде компьютерлік сауаттылыққа, шет тілдерін білуге, мәдени ашықтық сияқты факторлардың бойымызда көрініс тауып жатуына тер тамшыларын төгу қажеттігі жазылады. Бұл жолдағы үлкен ізденіс пен табандылық Сізді бес қаруын бойына сіңірген бесаспап маман етіп қалыптастырады. Бұл бәсекелік қабілеттің басты белгісі.
Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтың «Бағалай білмегенге – бақ қонбайды, қуана білмегенге – құт қонбайды» деген тәмсілі бар. Парасат пайымы әбден толысқан оның көкейінің төрінен шыққан бұл сөзге терең мән берсек, дөп басып айтылған шындық екенін аңғарасыз. Біз әлімсақтан жер еміп, күнелткен халықпыз. Ырыздығымызды Жер-Ана төсінен айырып келеміз. Бірақ бір жылдарда оны тиімді пайдалануда ақылды алға салмадық. Мемлекет басшысы осының салдарынан бірнеше жылдың ішінде миллиондаған гектар даламыздың аяусыз жыртылғанын, даланың барлық құнары құрдымға кеткенін, бұл ысарапшылдыққа жол берудің ащы мысалы екенін айтады. Және де ол өткеннен сабақ алып, мұндай ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керектігін алға тарта келе, «қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деп ой түйеді. Алғашқы тараудың екінші бағытына «Прагматизм» деп тақырып қоюдың мәні, міне, осында.
Мақалада көтерілген келесі бір бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау деп аталады. Онда Елбасы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» екенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ ол, мына ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту керектігі туралы ойын да ашық айтады. Елбасының бұл ұсынысы қос қолдап тұрып құптарлық жәйт екені ақиқат.
Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сақтыққа шақырар сөз бар. Өкінішке орай біздің елде жерге бөлінетін азаматтар бар. Іскерлікке бейім адамдардан тұратын қоғам қалыптастыру жолында мұндай жершілдіктің көрініс беруі, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың дендеп орнауына, «бармақ басты, көз қыстының» кебін киген көріністердің көптеп көрініс табуына, «ала қойды бөле қырқудың» етек жаюына, мұның барлығы да алға қарай адымдауымызға тұсау салатыны апаратыны анық. Тұтас ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің осы сынды керітартпа тұстарынан бас тарту арқылы ұлттық санамыздың еш кедергісіз кемелденуіне жол ашамыз.
Техника күн сайын дамыл таппай дамып жатқан мына заманда, кейбір кәсіптер қолданыстан шығып жатыр. Технологияның қарыштап дамуы көптеген азаматтарды отбасылық ырыздығынан айырып жатқан жағдайы бар. Сондай сәтте тек бір кәсіптің құлағынан ұстап қалуды құп көрмей, ізденіп, өзін тағы бір қырынан сынап көріп, бір бойына бірнеше қасиетті қабыстыра білген еңбекқор азаматтар дағдарып қалмай, басқа жұмысқа кірісіп, екі қолға бір күрек тауып жатқаны қуанарлық жағдай. Бірақ мұндай талаптың үдесінен табылып жатқандар көп емес. «Бір адам бір кәсіпті меңгерсе болғаны» деген таптаурын түсінікте жүргендері де жетерлік. Сондықтан «білімді мыңды жығатын» мына заманда білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу басты мақсат. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыған баса мән беріп, ерекше тоқталып өтеді. Білімнің әркез салтанат құратынын айтқан мемлекет басшысы «…біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дейді. Мемлекет басшысының өзінің биылғы Жолдауында жұмыс таба алмай жүрген және нәтижелі еңбекпен шұғылданбай жүрген жастар үшін тегін кәсіптік-техникалық білім алу жобасы іске асырылғанын, оны меңгерген мамандар экономикадағы жаңа өндірістердің ісін өрге сүйреуіне сеп болу керектігін атап өтеді. Бұл жоғарыда Елбасының биылғы Жолдауы мен рухани жаңғыру жайы айтылған мақаланың арасында бір-бірін толықтырып тұрған тығыз байланыстың бар екендігі туралы сөзіміздің жарқын мысалы.
Мақалада революциялық даму емес, эволюциялық дамуды бағдар етудің мәніне кең түсінік берілген. Өткен ХХ ғасырда демографиялық тұрғыдан тежелуімізге жасалған соққылар, ана тіліміз бен мәдениетімізді құрдымға жіберудің сан амалы, талай-талай құнарлы жерімізге экологиялық апат деген жұттың жабысуына ықпал болған революциялық сілкіністер орын алды. Ұлт болып ұйысып отырған халықты кенедей қыруға бастайтын революциялар дәуірі келмеске кетті деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Бұл жайында Елбасы мақалада «революциялар дәуірі әлі біткен жоқ… Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды» деп қазіргі таңда елге қауіп төндіретін, айрандай ұйып отырған халықтың бірлігіне іріткі салатын топтардың бар екенін меңзейді. Жалпы революциялық әрекеттердің орын алуы кез келген елді оңалтпайды, омалтпаса. Соғыс оты тұтанғанына жеті жыл толған Сирия мемлекеті сол сөзімізге мысал. Белгілі бір топтың теріс әрекетінен жалын шарпыған бұл қанды қақтығыс салдарынан бүгінге дейін сол елдегі 5 миллион адам өз елінен қашып, босқын болып кетті. Үдере көшкен халықтың көші көлікті болып жатыр деп ойласаңыз тағы да қателесіз. Барлығы да талғажау болар тамақ таппай, ашқұрсақ болып, сабылып жүргені. Қаншама халықтың оқ пен оттың ортасында қаза тапқаны бір бөлек тақырып. Мұның барлығы революциялық әрекеттерді мақсат еткен топтардың теріс ниетінен туған тағдыр. Мұндай азаматтар әлемнің әр түкпірінде кездеседі. Олардың құрбаны болмай, керісінше жасаған әрекеттері мен төңкерістеріне тойтарыс беру үшін ең бірінші кезекте халықтың рухы мықты болуы қажет. «Рухы мықты халықты жау алмайды» деп бекер айтылмаған. Бұл жолда сананы сергіту керек. Алтыншы бөлімге «Сананың ашықтығы» деп айдар беруінің мазмұны, міне, осында.
Жасыратыны жоқ арамызда жаһанда кәсіби байланыс құралы болып табылатын ағылшын тілін үйрен десе алакөңіл болатындар жетерлік. Оны меңгеру ұлттық тілімізге жасалған сатқындық деген тоқтамға келетіндер де жоқ емес. Бірақ, бұл қате түсінік. Ағылшын тілін үйренуге талпынбай ұлттық жаңғыру өз деңгейінде болады деу қисынсыз. Оны Елбасымыз негізді дәлелдермен нақтылап береді.
Ол ағылшын тілін үйрену арқылы төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, оларды ой елегінен өткізуге болатынын, жаңа технологияның тілін түсінуге жол ашылатынын, өз кезегінде бұл жоғарыда айтып өткен сапалы еңбек өнімін ұсынудың басты талаптарын игерудің ең негізгі шарты екенін, әлемде кәсіби байланыс құралы дәрежесін алған ағылшын тілін түсіне алу өзгелердің озық жетістіктерін бойға сіңірудің керемет мүмкіндігі екенін қадап айтады. Тіл үйренбей ісіміз ілгері баспайтыны жайында салиқалы мысалдар келтірген Елбасы бұл тұрғыдағы ойын «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» деп қорытындылайды.
Сөз соңында санаға сәуле түсіретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының Тәуелсіздік деген бағымызды бабында ұстаудың негізгі қағидалары көрініс тапқан бағдарламалық құжат екенін баса айтқым келеді.
Байкен ӘШІРБАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері.