«ШЫМКЕНТТЕ ДЕПУТАТ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Шымкент қалалық мәслихатының қатарынан соңғы үш шақырылымына ат қосып, қарсыластарынан оза шауып, басым дауыспен халық сеніміне ие болған Нұрғазы Бұхарбаевтың есімі көпке таныс. Былайғы жұрт оны қоғамда күрмеуі қиын проблемаларды батылы жетіп сын тезіне алатын, оған көпшіліктің назарын бұрып, биліктегілерге мәселені бүйірден қоятын азамат ретінде біледі. Біз ел қамын жейтін елгезектігі ерекше осы кісімен жақында ғана тілдескен едік. Өзара әңгіме кезінде көңіл кірі тазаратын ашық пікір, нақтылы ой, таза толғам болды. Біз оны осы сұхбат барысында боямасыз көрсетуге тырыстық.

– Нұрғазы мырза, осыдан біршама уақыт бұрын жолымыз тоқайласып қалған еді. Сонда сіз жылтырағанның бәрі алтын бола бермейтіні сынды депутаттық мандатқа ие азаматтардың ішінде өз міндеттерін дұрыс атқара алмай жүргендері бар екенін жұқалап жеткізген едіңіз. Бұл ойыңызды газет бетіне аңдатпа ретінде бердік. Жұрт мұны бекер айтылған сөз емес деп түйді. Содан бері бірнеше ай өтті. Бұл пікіріңізден айнымадыңыз ба? 

– Иә, ондай сөз айтылды. Бірақ газет деген үлкен жаршы орында олардың атын атап, түсін түстеу әдепсіздіктің төменгі формасы деп түсінемін. Әріптесіңнің көлеңке тұстарын көпшілік алдында тілге тиек ету, сол арқылы оның мысын басу этикаға мүлдем жат. Алдыңғы шақырылымда депутат болып сайланған азаматтардың арасында расымен де бірде бір рет жақ ашпағандары болды. Бірақ ашып айтсам оны өзімнің  қырыма алғандай болып көрінуім мүмкін. Депутат етіп халық сайлады емес пе?! Ендеше халық ертелі-кеш өз бағасын береді.

Ал менің көкейге түйген ойымды басылым арқылы көрсету қисынсыздау. Сырт көзге бұл өзіне ұпай жинап жүрген ұсақ еркектің қылығына көп ұқсап кететін сияқты.

 

– Сөздің бетін басқаға бұрайық дейсіз ғой…

– Дәл таптыңыз. Қазір бізді мына мәселе толғандырып жатыр. Ол Шымкентте өнер, саз мектептерінің жоқтығы. Балаларым өнерге жақын болып қалыптасқан соң, талант кемелері қайырламасын деп мен оларды үйірмелерге апардым. Сонда ол жерде бала саны көп те,  ал орынның жеткіліксіз екенін көрдім. Бұны әріптестеріме мәлімдедім. Сол күнге дейін бұл мәселеге зейін қойған, құлақ асқан көкірегі ояу жан болмаған. Шымкентте жалпы орта мектептердің жеткілікті болуы, оның салынуы, олардың бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, үш ауысымда дәріс өткізетіндердің санын азайту – бұл күн тәртібіндегі мәселе. Ол бірінші кезектегі өз шешімін табуы керек жәйттер. Бірақ біз талантты жастарымызды да ұмытпауымыз қажет. Қалада спорт мектептері бар. Олардың саны он саусағыңызды екі қайтара санап шығуға жетеқабыл. Ендігі кезекте оқушылардың бойындағы өнердің өрісін кеңейтетін, даралығын дәлелдеп, оны шыңдайтын мектептерді салған абзал.  Біз көбінесе шетелден пәленбай қаржыға әнші шақыртып жатамыз. Оларды тыңдасаң құлақ құрышың қанады. Себебі, онда барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ал бізде жағдай басқа. Сөйте тұра «біреудің Ыбырайы – Ыбырай, біздікі – сұмырай» деп  өзімізше көлгірсиміз. Өнерліні өрге жетелейтін мектеп салуды ерте бастан жолға қойсақ, өзгені шаң қаптыратын жастар көбейер еді. Бұдан бөлек өнер мектептерін ашу арқылы біз рухани қуаты мықты, қанағатшылдығы қайран қалдыратын, интеллектілігі онша-мұншаға жол бергізбейтін келешек иелерін тәрбиелейміз. Жемқорлыққа жаны қас жастарды қалыптастырамыз. Бұл көзқарасымды өзге де әріптестерім қуаттады.  Осылайша қолдау ортақ арнаға құйылған соң, тиісті орындарға депутаттық сауал жолдадым. Соған сәйкес облыстық бюджет есебінен әкімшілік іскерлік орталығынан келешекте өнер мектебі салынатын болады деп жауап келген. Содан бері 2-3 жылдың жүзі болды. Оның іске асуын үзіле күтіп жүрген жайымыз бар. Жұрт «өз балаларының қамы үшін мәселенің оябын табуға бар ықыласын аударып жүр» деп түсінуі мүмкін. Бірақ бұл істің орын алатын уақыт жақындағанша менің балаларым мектеп қабырғасынан ұшып, үлкен өмірге қанат қағып кететінін баса айтқым келеді. Бұл болашақ жастар қамы үшін жасалып жатқан тірлік.

 

–Бірде өзіңіздің бір депутат әріптесіңіз баспасөзге берген сұхбатында «мен өзгелер сияқты байбалам салмай, үндемей тірлік тындырамын» деген еді. Бұл пікірге сіз не айтасыз?

– Бұл тұста ол кісі ойын ептеп дұрыс түсіндірмеген деп айтар едім. Тіл – қатынас құралы. Депутат халық пен билікті жалғайтын көпір. Ол ешқандай ой айтпаса, ұсыныс білдірмесе, қалай көпір болады? Сөзден сөз, ойдан ой туады емес пе? Ешкіммен сөйлеспесе, ақылдаспаса тірлікті қалай тындырады? «Ішімдегені тап» деп отыра бере ме, сонда? Тым болмаса ұсыныс беретін шығар. Менімше бұл сөзден қашып, сұраққа нақты жауап бере алмағанның сандырағы сияқты. Кешіріңіз. Бірақ солай.

 

– Халықтың бойында депутаттарға деген дұрыс көзқарастың табы болуы үшін жоғарыдағы мектеп мәселесінен бөлек тағы қандай бастама көтеріп жүрсіздер?

– Біз атқарып жүрген жұмысты түгел тұтас айтып, оның әрқайсысына түйіп- түйіп түсінік беру артық сияқты. Ондайды газет беті де көтере бермейді. Бірақ жұрт көптен  күткен әзіз жаңалық айтқым келеді. Осы жылы Тоғыс каналы жөндеуден өтетін болады. Бұдан бөлек биыл Шымкенттегі мектептердің жазғы спорт алаңдары да жөнделеді. Бұл да өскелең ұрпақ үшін ересен жақсылық болғалы тұр. Бұлар күні бүгінге дейін шешімін таппай жатқан мәселелердің қатарында болатын.

 

– Өз аумағыңыздағы мәселелердің шешілуін жолға қоя алдыңыз ба?

– Осыдан 5-6 жыл бұрын үй аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары орнатылды. Қазір менің аумағым бойынша ойын алаңшасы орнатылмаған ауланы кездестірмейсіз. Бәрінде бар. Бірақ тұрғындар ондағы ойын элементтерінің орнын жаңасымен алмастыруды  сұрайды. Мұнымен не айтқым келді дейсіз ғой?  Проблема ешқашанда түгесілмейді. Тұрғындардың ұсыныс айтқаны, талап қойғаны мені қуантады.  Бірақ орнымен, өз жөнімен болса екен дейсің. Аумағымда спорт алаңшалары салынды. Жолдар жөнделіп, тиісті жерлерге аяқ жолдар төселді. Ирригация мәселелері де шешілді. Мұның барлығы әкімдіктің құрылымдық бөлімдеріне  депутаттық сауалдар жолдаумен ғана түзелген тірліктер. Бірақ орындалған істің барлығы менің ұйытқылығыммен болып жатыр деп кеуде керу дұрыс емес. Ол мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағдарламалар аясында  бюджет есебінен атқарылған жұмыс. Біз тек билікке ұсыныс білдіріп, назар бұрудан әрі аспағанымызды ашып айтқан жөн.

 

– Осы ретте қала әкімінің де жұмысына  баға бере кетсеңіз…

– Осындай сұрақты маған қоятындар көп. Және көпшілігі менен әкімдердің кәсібилігіне  шек келтірер шағым айтуымды күтетін сияқты болып тұрады. Бір нәрсені түсіну керек. Әкімдік пен мәслихаттың түпкі мақсаты бір. Ол туған жерді түлету, тұрғындардың тұрмысын түзету. Мәслихат бюджетті бекіткенімен, оны ұқсату, жүзеге асыру әкімдікке тікелей байланысты. Бірігіп, бірлесіп жұмыс істеу керек.  Сонда ісіміз берекелі болады. Қазіргі әкімнің «Шымкент-сити» жобасы  тың бастама болды. Бұл идеясы арқылы өрісі өзгеше екенін байқатты. Ол жүзеге асса өзгелерді шаң қаптыратын маман екенін  тағы бір дәлелдейді деп сенемін.  Одан бұрын оның қаламызда веломәдениеттің жолға қойылуына ұйытқы болып, бәрімізді бір таңқалдырғанын да еске сала кетейін.

 

– Шымкент қалалық мәслихатындағы депутаттардың барлығы өз міндетін толық сезіне алады деп ойлайсыз ба?

– Менен қандай сөзді суыртпақтай алмай тұрғаныңызды түсініп тұрмын. Біз ақ пен қара, жақсы мен жаман, еңбекқор мен жалқау, жомарт пен сараң қатар жүрген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Депутаттар арасында да іскерлігі таңдай қақтыратындар да, керісінше талап үдесінен табылмай жататындар да бар. Уақыты келгенде олар саяси додан шығатыны  анық. Менің бір депутаттық ұстанымым бар. Ол «әр халық өз таңдаушысына лайық» деген. Бұл сөз неге тіл ұшына оралып отыр. Кейде бір тұрғындар келіп бүй деп жатады. «Осындай мәселе болып тұр. Біз сізді сайладық қой. Депутат ретінде осының шешілуіне  үлесіңізді қосыңыз» деген сарында талап қояды. Сұраса келе оның мен сайланған округтың тұрғыны емес екенін анықтадым. Сайлау кезінде ешкімге дауыс бермегеніне көз жеткіздім. Кезінде қоғамдық шарадан сырт айналғаны көрініп тұр ғой. Депутатының кім екенін де білмейді. Бірақ бұған тұрғындарды кінәлап, біржақты пікір танытуға тағы болмайды. Жалпы біздің Шымкентте депутат болу, сөйтіп көптің көңілінен шығу оңай емес.

 

– «Өнерге әркімнің ақ бар таласы» демекші, қазір депутат боламын деп тулайтындар көбейіп кеткен сияқты…

– Қоғамдық шараларда көп жүреміз. Мәселен, бір жиындарда жастар «біздің проблемамызды биліктегілерге жастардан артық жеткізетін адам жоқ» дегенді алға тартады. Іскер әйелдер де осы сарында сөз қозғайды. Мәслихат қызметкерді жұмысқа қабылдайтын қандай да бір мекеме емес қой. Онда халықтың өкілі құралған. Халық сайласа ол сол жерде депутат болып жүреді емес пе?! «Халық қаласа хан түйесін сояды» деп тегін айтылмаған. Сондықтан анау болуы керек, мынау лайықты деу  ұшқары сөз.

 

– Депутаттар көп халықтың көз жасын сүртіп, сауап тірлік істеп жатады. Солардың санатында Сіз де барсыз ба?

– Ол енді көңіл қалауымен орындалатын іс. Біз басына қиын-қысталаң  кезді бастан өткеріп жүрген қарындасты жебеусіз лақтай өзгелерге телміртпеген, жетімін жауратпаған, жесірін жылатпаған халықтың ұрпағымыз. Қолдан келсе ондайларға көлеңкемді түсіремін. Оны ашып айту қажет емес. Бірақ орынсыз көмек сұрап келетіндер бар. «Депутат спонсор» деп түсінетін ондайлардың талабын көп ретте тойтарып тастаймын.

 

– Сіз үлкен аудиторияларда көзқарасыңызды қаймықпай айта аласыз ба?

– Ол оңай нәрсе емес. Десек те, оны меңгеріп алдым. Бұл үлкен еңбекпен, ізденіспен бойға қонатынын жұрт білуі керек. Шақырылған іс-шараларда, немесе қандай да бір ортада кез келген тақырыпты іліп әкетіп, ол туралы толыққанды мәлімет беріп, мәслихат ете алатын шамадамын.

– Олай болса, мына бір сұраққа жауап беріңізші. Жуырда республикалық «Время» газетіне «Состояние нестояния» атты мақала жарыққа шықты. Онда 2007 жылы қала бюджеті есебінен көлік паркін құру үшін миллиондап қаржы бөлінгені, бірақ осы күнге дейін сол тірліктің ұшқыны да көрінбегені сын тезіне алынған. Мәселенің мәнін мәністеу үшін Сіз өз тарапыңыздан тиісті жерлерге депутаттық сауал жолдағаныңыз  көрсетілген. Бұл ақпарат бізді де толғандырды. Бұған қала әкімінің араласуы қажеттігі жайында үн қостық. Осы туралы тарқатып айтыңызшы.

– Көлік паркінің құрылысы үшін қазынадан 72 млн. теңге бөлу туралы ұсынысты мәслихат бекіткен. Конкурс жарияланып, оны Алматыдағы «Жетісу» сауда орталығы» ЖШС-гі жеңіп алған. Соның негізінде олардың есепшотына 55,04 млн теңге аударылған. Бірақ құрылыс жүргізілмеген. Мердігер мекеме құрылыс материалдарын Оңтүстік Кореядан алдыртқан. Олар жібергенмен, кеденнен бері қарай діттеген жерге тасымалданбаған. Бізге белгілісі ол материалдар 2016 жылы кеденшілердің берген арызы бойынша сот шешімімен жойылған көрінеді. Бұл мәселе мерзімді басылымнан жарық көрмес бұрын мен тиісті жерге депутаттық сауал жолдағанмын. Бір-бір жарым жыл шамасында оның нақты жауабын ала алмай келдім. Өткенде әкімдік өкілдеріне айттым. «Сонда менің сауалым жауапсыз қалады да, тілшілерге барлығын түсіндіргендей болғансыз. Бұл қылықтарыңыз бізді менсінбеушілік пе?» дедім. Құрылыс материалдарын ғайыптан жойып тастау менің ақылыма сыймайды. Оған жол берген басшы кім болғаны? Неге оны қарамаған, бақылауға алмаған? Сонда елдің ақшасын шүлен таратуға арналған тетік деп  түсінгені ме? Сұрауы болатынын неге сезінбеген? Жауапкершіліктері жоқ болғаны ма? Сұрақ көп, нақты жауап жоқ. «Жойылған» деуден ары аспайды. Әлде бұл жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың «сценарийі» ме? Ол жағы енді маған белгісіз. Алдын ала тон пішкім келмейді. Қайткен күнде де бұл тұста бір гәптің бары анық. Оны табу құзырлы органның қарамағындағы жұмыс. Дегенмен де бұл жәйттен кейін жауапты қызметтің құлағын ұстаған кейбір мамандарға деген сенімім сетінеп кеткенін ашып айтқым келеді. Мемлекет дүниесі пайдаланылмай жатып жойылғаны тек мені емес, қалың көпшілікті таңқалдыратыны сөзсіз.

 

– Нұрғазы мырза, ел өміріндегі бүгінгі таңда қандай өзекті оқиға сізге ой салып көбірек толғандырады? Оны өзгелермен қалай бөлісесіз? Саяси мәселелерге қандай көзқарастасыз?

– «Адалдың арқаны ұзын» деген. Ең бастысы өтірік айтпай, бойыңды таза ұстап, өз ісіңді адал атқарсаң, сенің алатын асуың биік болады деп ойлаймын. Өтірікке жаның қас болып, шындықты шырқыратып айту қажет. Сонда қадірің артады. Бірақ «бояушы бояушы дегенге сақалын бояптының» керін келтіріп, әр нәрсеге бас шұлғып, әр тірлікке араласа берген тағы болмайды. Бар шындықты жарияға жар салу дұрыс емес.  Айтылмайтын жәйттер  мен айтылатын тұстардың аражігін ажыратып алған абзал. Өзім «бас жарылып көз шығып» жатқан жағдайға келгенде қыңқ демей отыра беруге болмайтынын, бас көтеріп, әділдіктің орын алуына атсалысуды азаматтық міндетім деп санаймын.

 

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.