БАҒДАРЛАМА ЖҮЙЕЛІ ІСТЕРГЕ БАСТАДЫ

Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп қағидалаған сөзі дәл айтылғаны ежелден белгілі.  Кез келген нәрсенің өлшемі болатыны сынды әрбір тірліктің де өз тәртібі  болады. Ол заңмен реттеледі.  Мұның маңыздылығы үлкен беделге ие. Ал заңға кез келген мемлекет үлкен зейін бөліп жатады. Елбасымыздың 2015 жылғы Ұлт жоспары реформасының тұтастай бір бөлігі  заңның үстемдігін қамтамасыз етуге  бағытталуы сол сөзімізге дәлел. Президент онда құқықтық мемлекет құруда дамыған елдердің озық тәжірибесіне  негізделіп жасалған бағыттарды жүзеге асыруда қадағалаушы орган өкілдерінің ықпалы ерекше екенін атап өткен.

Бұл туралы ол «Соңғы жылдар ішінде прокуратура органы ел азаматтарының құқықтарын қорғау  және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету  бойынша айтарлықтай  жұмыс атқарды. Басты міндет – мемлекеттік және қоғамдық институттардың құқық қорғау әлеуетін  арттыру, заңдарды тиімді қолдану  және азаматтармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен жүргізілетін күнделікті жұмысқа оларды сақтау» деген  болатын. Өз кезегінде бұл қадағалаушы орган өкілдерінің ерекше ырғақта  жұмыс істеуіне  зор ықпал етті. Мемлекет басшысының қойған талабының үдесінен табылу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы  прокуратурасы  талай тың бастамаларды қолға алды. «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл», «Алаяқсыз қоғам», «Шымкент – қауіпсіз қала» жобалары соның бір парасы еді. Бұл жобалардың тағы бір мақсаты елімізді ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды  бастайтын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының «әлеуметтік саясаттың жаңа  принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік» басымдығының негізгі бағытымен де сабақтасып жатқанын да тілге тиек етсек артық болмас.

Облыс халқының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатыны анық. Шаруалардың көл-көсір өнімдеріне әлдебіреулердің қол салу деректерін 50 пайызға дейін төмендету мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының «Мар ұрлығына нәтижелі тосқауыл» атты қылмыстылықпен күрес жобасы тиімді нәтижелерін көрсетті. Осы бағытта ең алдымен мал ұрлығының орын алуына ол халықтың жекеменшігіндегі мал басын есепке алуға және тіркеуге қоюға құлықсыздығы, оны қараусыз қалдыруы, бақташысыз жайылымға жіберуі сынды жауапсыздықтардың зор әсерін тигізетіні анықталды. Оны шешу үшін оң жұмыстар атқарылды.  Ол өз жемісін беріп, нәтижесінде мал басын есепке алуға және тіркеуге қоюға ниет білдірген мал иесінің саны едәуір өсті. Бүгінгі таңда құзырлы органдармен мал ұрлығының алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Осындай шаралардың арқасында тұрғындар ақпараттандырылып, мал  сату базарларында тек ветеринарлық құжаттың толық рәсімделгенде және бірдейлендіру рәсімінен өткен жағдайда кіргізуге рұқсат берілетіні туралы жұмыс қарқынды түрде қолға алынды. Арнайы мамандардың қатысуымен өткен рейдтік жұмыстар жүргізіліп, ЖК «Сандыбаев» мал базарында бірнеше ұрланған ұсақ мал анықталды.

2015 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында алаяқтық қылмыс 50,5 пайызға өскен. Қылмыстың бұл түріне тосқауыл қою мақсатында облыстық прокуратура «Алаяқсыз қоғам» жобасын ұсынды. Осы бағытта  нәтижелі жұмыстар қамтамасыз етілді.  Басты мақсат  – алаяқтық қылмыстарының алдын алу тәсілдерін жасақтау әрі жетілдіру.  Бұған қол жеткізу үшін халық арасында  белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстары өткізілді. Мысалы, тұрғындарға алаяқтардан абай болу жөнінде ескертпе мәтінді 50 мыңға жуық жадынама таратылса, облыс аумағындағы барлық қала, аудандарының халық көп жүретін басты көшелеріне  35 дана билбордтар орнатылды. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерге 3 мың дана үгіт-насихат парағы ілінді. Телеарналарда арнайы дайындалған бейнероликтер апта сайын көрсетілумен қатар, жоба орындаушыларымен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы сұхбаттар берілді. Газет беттерінде 300-ге жуық мақалалар мен хабарландырулар жарияланды. Коммуналдық қызмет  түрлері бойынша төлем түбіртектеріне «Алаяқтардан сақ болу» тақырыбында ескертулер беру қолға алынды. Және ең негізгісі халықпен кездесулер болды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылдың 11 айы қорытындысымен алаяқтыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар 34%-ға азайды.

2009 жылдан бері Шымкент қаласында қылмыстылық саны жыл сайын өсіп отырған. Тіркелген заңсыздықтардың көпшілігі (қылмыстың 55 пайызы) ұрлық қылмыстарына тиесілі болған. Бұл
проблеманы шешу  мақсатында «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте 2009 жылдан бері бірінші рет  қылмыстылықтың саны 4 пайызға төмендеді. Аталған жоба  негізінде облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздік жиі бұзылатын кафелер мен клубтардың иелерімен жаппай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, автопатрульдеуді оңтайландыру туралы ұсыныстар енгізіліп, жергілікті басылымдарға мақалалар
жарияланды.

Елбасының Ұлт жоспары реформасындағы басым бағыттарды іске асыруда лайықты жетістіктерге жету  негізінде  қолға алынған бұл идеялардың облыстық кримогендік ахуалын айтарлықтай жақсартуға зор ықпалын тигізді.

 

Нұрсұлтан САЙДАЛИЕВ,

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы.