ДЕРТ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК…

Күн суып, жұрт жабық ғимараттарға тығылған сәттен бастап, тұмау мен респираторлық вирустардың қайта бас көтерері хақ. Осы маусымдық дерттің алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер 26 тамызда 2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған жаңа қаулыға қол қойды. Құжатта вакцинация жүргізу, емдеу мекемелерінің дайындығын күшейту сияқты дәстүрлі шаралар бекітілген.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенованың айтуынша, қазіргі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда алдағы уақытта тұмаудың А типті H1N1 және басқа да А мен В типті штамдарының таралуы күтілуде. Осы ретте шенеуніктер биыл 2 миллионға дейін адамды вакцинациялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Бұл екпе ең алдымен жиі ауыратын балаларға, жүкті әйелдерге, қарияларға және медицина қызметкерлеріне тегін салынады. Әрине, өз еркімен екпе алғысы келетін қарапайым азаматтар да тыс қалмайды. Негізінен, мамандар иммунитет қалыптасуы үшін вакцинаны маусым басталмай тұрып алған дұрыс екенін айтады. Өйткені ағзада қорғаныш қабатының түзілуіне кемінде екі апта уақыт қажет. Дәрігерлер екпе вирус жұқтырудан 100 пайыз қорғамаса да, аурудың ауыр өтуі мен асқынып кетуінен сақтайтынын көлденең тартады.
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен маусымда 17,4 миллион адам ЖРВИ бойынша медициналық көмекке жүгінген. Ал коронавирус инфекциясы бағымызға орай басылып, былтыр тек 64 жағдай тіркелген. Тіпті биыл ЖРВИ-мен дәрігерге қаралғандар саны 17 пайызға азайған екен. Бірақ арқаны кеңге салуға ерте. Сондықтан алдын-ала қамданғанның кемдігі жоқ.