ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам баласы қабылданған тағдыршешті шешімдердің шынайы салмағы мен баға жетпес құнын арада жылдар өткенде барып қана терең түсінеді» деген болатын. Расында да, Құрылтай сайлауы қарсаңында Мемлекет басшысының ел азаматтарына арнаған тарихи үндеуі — еліміздің саяси даму жылнамасындағы жаңа бір белестің, түбегейлі жаңғыру кезеңінің айқын айшығы болды.

Елімізде өткен жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы — жай ғана саяси науқан емес, бүкіл ұлт тағдырына, мемлекеттің келешек бағдарына тікелей ықпал ететін тарихи оқиға. Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, халықтың тікелей қолдауымен қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Бұл Ата Заңымыз еліміздің даму бағдарын түбегейлі өзгертіп, «Заң мен Тәртіп» қағидатын үстем еткен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты саяси институттар арқылы орнықтырған негізгі діңгекке айналды.
Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бұл саяси реформалар азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласуына кең жол ашты. Өйткені сайлау өтетін мерзімнің ерте хабарлануы барлық саяси партияларға сапалы дайындалуға, бағдарламаларын халыққа дәйекті түрде жеткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сайлауалды науқан ашық, бәсекеге толы, мәдениетті әрі айрықша тартысты сипатта өтті. Ашық пікірталастар, теңдессіз теледебаттар мен әлеуметтік желідегі қызу талқылаулар қоғамдық пікірдің өзгергенін, ел ішінде жаңа тұлғалар мен ұтымды идеялардың пайда болғанын айқын танытты. Бүкіл азаматтар, әсіресе жастар, кәсіпкерлер мен кәсіби қауымдастық өкілдері бұл науқанға белсене қатысып, ел тағдырына шынайы жанашырлық танытты.
Бұл саяси оқиғаның халықаралық деңгейдегі салмағы да өте жоғары. Саяси науқанды бақылау үшін шетелден 800-ден астам халықаралық байқаушының келуі — Қазақстандағы демократиялық процестердің ашықтығына, әділдігіне және жаһандық стандарттарға сай жүргізіліп жатқанына әлемдік қоғамдастықтың білдірген зор сенімі. Ашық дауыс беру нәтижесінде құрылған жаңа Құрылтай — әралуан көзқарастар мен ұлт келешегі жолындағы асқақ ұмтылыстар тоғысатын, кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтардан құралған біртұтас қуатты алаңға айналды. Геосаяси шиеленістер мен жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған шақта бұл Құрылтай елдің тұрақтылығын бекемдеп, ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенемін!

Мэлс Талғатұлы БАЙМАХАНОВ,
«Әділет» партиясы Шымкент қаласы, Тұран аудандық филиалының төрағасы.