ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 250 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Елімізде халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан кешенді де жүйелі шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Жыл ортасындағы, яғни 2026 жылғы 1 шілдедегі ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша 249 598 азамат еңбекке араласып, екі қолға бір күрек тапқан.
Қуантарлығы, жыл басынан бері 96 415 отандасымыз тұрақты жұмыс орнына орналасты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 мыңнан астам адамға көп. Мұның басты мәні сонда – бүгінде еңбекпен қамтылғандардың басым бөлігі тұрақты табыс тауып, толық әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіліп отыр. Бұдан бөлек, отандық еңбек нарығының құрылымында да оң сапалық өзгерістер айқын байқалады. Бұған дейін жұмыспен қамтудың едәуір үлесі уақытша немесе маусымдық істерге тиесілі болып келсе, қазіргі таңда басты басымдық ұзақ мерзімді әрі орнықты жұмысқа берілуде. Мәселен, уақытша жұмысқа орналасқандардың саны бұрынғы 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін айтарлықтай қысқарды. Тұрақты жұмыс орындарының көбеюі – мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан батыл бастамалардың жемісі. Атап айтқанда, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл аясы кеңейіп, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының цифрлық сервистері жетілдіріле түсті. Сондай-ақ экономиканың нақты сұранысына бейімделген кәсіптік оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары пәрменді іске асырылуда.
Еңбек нарығындағы оң тенденция негізгі экономикалық көрсеткіштерден де анық көрінеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 9 миллион 392 мың адамға жетіп, жалдамалы жұмыскерлер қатары шамамен 150 мың адамға ұлғайды. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсекіші 3 пайыз деңгейінде тұрақты сақталып отыр. Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта да сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың кәсіби біліктілігін шыңдау бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғаса бермек. Мұндағы басты міндет – әрбір қазақстандықтың тұрақты табыс көзіне айналатын, ресми еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделген және лайықты еңбекақы төленетін жұмысқа орналасуына толық жағдай жасау. Өйткені тұрақты жұмыс орны – халықтың әл-ауқатын арттырудың, экономикалық тұрақтылықты нығайтудың және қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтаудың басты кепілі.




