ҚАЗАҚСТАН КҮНБАҒЫС МАЙЫН ЭКСПОРТТАУ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ АЛТЫНШЫ ОРЫНҒА ТАБАН ТІРЕДІ

Қазақ топырағының берекесі тек қамбаға құйылған алтын дәнмен ғана өлшенбейтін кезең келді. Кешегі күнге дейін агроөнеркәсіптің тасасында қалып, қосалқы сегмент саналып келген май өндірісі бүгінде ұлттық экономиканың күретамырына қан жүгірткен стратегиялық алып күшке айналды. Мұның айқын дәлелі ретінде Астана төрінде өткен халықаралық май конференциясында жарияланған сүйінші хабарды айтуға болады. Небәрі төрт жылдың ішінде қазақстандық май өнімдерінің сыртқы нарықтан тапқан валюталық түсімі ширек миллиардтан бір миллиард АҚШ долларының табалдырығына тіреліп, нақты айтқанда 963 миллион долларды еңсерді.

Осыдан біраз жыл бұрын егістік алқаптарында күнге қарап бой созған күнбағыстың бүгін әлемдік геосаяси нарықта салмағы артады деп кім ойлаған? Бүгінде еліміз күнбағыс майын экспорттау жөнінен жаһандық бәйгеде алтыншы орынға табан тіреді. Әсіресе, алып Қытай нарығының тәбетін тауып, аспан асты еліне өнім жеткізуден екінші ірі державаға айналуымыз — сыртқы сауданың сындарлы жеңісі. Тек Шығыс қана емес, Батыстың да талғамы біздің өнімге ауып тұр. Еуропалық Одақ елдері бүгінде күнбағыс ұнын негізінен Қазақстаннан тасымалдауға көшті. Орталық Азиядағы көршілердің де майлы өнімге деген сұранысын толықтай өтеп, аймақтық көшбасшылықты уыста ұстап отырмыз. Бұл жетістіктің артында мемлекеттің саясаты мен жер емген фермердің маңдай тері, инвестордың тәуекелі жатыр. Майлы дақылдар алқабы кеңейген сайын, ауылдағы ағайынның әмияны қалыңдап, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығының рентабельділігі еселеп артты.
Дамудың даңғыл жолына түскен бұл сала енді тек қана ірі экспорттаушы болып қалғысы келмейді, мақсат — әлемдік алпауыттардың үштігіне ену. Дәл осы асқақ межеге жету үшін Үкімет арнайы жол картасын іске қосып, жылдық экспорттық кірісті 1,5 миллиард доллардан асыруды көздеп отыр. Ол үшін заманауи агротехнологиялар енгізіліп, терең өңдеу өндірістеріне миллиардтап инвестиция құйылмақ. Қазақстанның бұл амбициясы жай арман емес, өйткені соңғы уақытта логистика саласында бұрын-соңды болмаған серпілістер жүзеге асты. Мысалы, Ақтау портында тұңғыш рет кемеге өсімдік майын тиеу процесі сәтті аяқталып, су жолы арқылы әлемдік мұхиттарға жол ашылды. Болат жолдың бойында да жаңалық көп. «Қазақстан темір жолының» қолдауымен Достық пен Алашанькоу өткелі арқылы күнбағыс ұнын түйіршіктелген күйде астық таситын көліктермен Қытайға жөнелтудің жаңа бағыты сыналды.
Ең таңғаларлығы, Шығыс Қазақстанның шұрайлы өлкесінен шыққан күнбағыс майы заманауи флекситанктерге құйылып, 40 футтық контейнерлермен Қытайдың Цзянсу провинциясына небәрі 12 күннің ішінде жеткізілді. Төрт мың жеті жүз шақырымдық қашықтықты құстай ұшып өткен бұл керуен отандық логистиканың жылдамдығы мен тиімділігін бүкіл әлемге паш етті. Қазақстанның май өңдеу саласы қазір серпінді дамудың, өңдеу өнеркәсібін өрге сүйреудің нағыз үлгісіне айналып үлгерді. Ендігі кезекте егіс алқаптарын әртараптандыру мен инфрақұрылымды нығайту жұмыстары тоқтаусыз жалғаса бермек, демек алдағы жылдары қазақ майының дәмі мен даңқы бұдан да алыс құрлықтарға жетеді деген сөз.