ТАМЫРЛАС ЕЛДЕРДІҢ ТАҒЫЛЫМДЫ СЕРІКТЕСТІГІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ

Қазақ пен өзбек – тарихтың қойнауынан тамыр тартқан, тағдыры ұқсас, тілегі бір туысқан халықтар. Бұл екі елдің арасындағы достық дәнекері бүгінде тек мәдени-рухани салада ғана емес, экономикалық әріптестіктің биік деңгейінде де көрініс тауып отыр. Жуырда Түркі дүниесінің алтын бесігі — Түркістан қаласында өткен маңызды кездесу осы сөзіміздің жарқын айғағы іспеттес. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовтың дидарласуы өңіраралық ынтымақтастықтың соны соқпақтарын айқындап берді. Бұл кездесу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен достық саясатының жергілікті жердегі нақты жемісі.

Түркістан облысы бүгінде жай ғана әкімшілік бірлік емес, ол – Орталық Азияның сауда-логистикалық және туристік хабына айналуды көздеген қуатты аймақ. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров атап өткендей, өткен жылы қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң өңірдің тынысына жаңа қарқын қосты. Бұл мәртебе тек облыс орталығына ғана емес, тұтас өңірдің инвестициялық тартымдылығына оң әсер етіп отыр. Әсіресе, Өзбекстан сияқты жақын көршімен арадағы байланыс – басым бағыттың бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері көңіл көншітерлік. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс 560 миллион АҚШ долларын құраса, оның басым бөлігі, яғни 400 миллион доллардан астамы біздің экспортқа тиесілі. Бұл – өңір өнімдерінің көрші нарықта сұранысқа ие екенінің, сауда дипломатиясының дұрыс бағытта келе жатқанының нышаны.
Инвестициялық ахуалды сөз еткенде, Түркістан облысының мүмкіндіктері шексіз екенін көреміз. Өзбек тарапынан тартылған 292,8 миллион доллар көлеміндегі тікелей инвестициялар бүгінде нақты жобаларға айнала бастады. Сауран ауданындағы заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт, ет өңдеу кешені мен балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар – құрғақ уәде емес, ел игілігіне қызмет ететін нақты істер. Сонымен қатар, мақта-тоқыма кластерінің құрылуы – өңірдің шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға көшу жолындағы стратегиялық қадамы. «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ инвесторлар үшін таптырмас алаңға айналып, салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдаудың арқасында жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы Түркістанның әлеуеті тіпті бөлек. Еліміздегі ірі қара еті экспортының 80 пайызын, ал ұсақ мал етінің 75 пайызын жалғыз осы облыс қамтамасыз етіп отырғанын ескерсек, өңірдің «республиканың азық-түлік себеті» деген атағына толық лайық екенін түсінеміз. Елші Бахтиер Ибрагимовтың Түркістанды ерекше қасиетті мекен ретінде бағалап, өзбекстандық кәсіпкерлерді осы өңірге бағыттауға ниетті екенін айтуы – екі ел арасындағы сенімнің айғағы. Туризм саласындағы бірлескен жобалар, әсіресе киелі орындарды қамтитын ортақ маршруттар жасау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Түркістанның тарихи-мәдени мүмкіндіктері өзбек ағайындар үшін де тартымды, өйткені бұл – ортақ тарих пен ортақ мұраның тоғысқан жері.
Кездесу соңында тараптардың стратегиялық әріптестікті нығайтуға, соның ішінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі Жол картасын жүйелі іске асыруға уағдаласуы – ертеңгі күнге деген нық сенім ұялатады. Шекара маңы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру, инфрақұрылымдық жобаларды жетілдіру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету арқылы Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы достық алтын көпірге айналмақ. Бұл серіктестіктің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді боларына еш күмән жоқ, өйткені оның негізінде халықтардың бауырластығы мен мемлекет басшыларының салиқалы саясаты жатыр. Түркістан бүгін тек жаңарып қана қоймай, көршілес елдермен қоян-қолтық жұмыс істейтін нағыз экономикалық драйверге айналып келеді.