ТАЗА ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ – ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ

Қоғамның болашағы – жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңіріп өсетініне байланысты. Экологиялық мәдениет пен адамгершілік қасиеттердің үндестігі – қазіргі тәрбиенің басты бағдары болып отыр. Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек қана қоршаған ортаны қорғауды көздеп қоймай, жастардың дүниетанымын қалыптастыруға, олардың рухани әлемін байытуға бағытталуда.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде өткен сынып сағаты ерекше мәнге ие болды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл сабақ балаларды сыртқы тазалықпен қатар, ішкі рухани тазалыққа да назар аударуға шақырды. Мұндай тәсіл – тәрбиенің кешенді жүргізілуінің айқын көрінісі. Өйткені айналаны таза ұстау адамның ішкі мәдениетімен, санасы мен жүрек тазалығымен тікелей байланысты. Сабақ барысында оқушылар тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырудың мәнін талқылап, адам жан дүниесінің тазалығы мен әдепті сөздің қоғамдағы орнына қатысты өз ойларымен бөлісті. Балалардың ой-пікірі мен көзқарасынан олардың тек білім алып қана қоймай, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып келе жатқаны байқалды. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі әрі жас ұрпақтың санасында қалыптасып келе жатқан экологиялық және рухани мәдениеттің айқын көрінісі.
Лицейдің материалдық-техникалық жағдайы мен ауласының келбеті де осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Жақында күрделі жөндеуден өткен мектеп маңы жасыл желекке оранып, көрген жанға ерекше әсер қалдырады. Бұл – тек әкімшілік жұмыстың ғана емес, ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Табиғатты аялау ісінде ортақ жауапкершіліктің болуы – ұжымдық тәрбиенің басты жетістігі. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Насиба Дусметованың «Тазалық бар жерде тәртіп бар. Бала бойына еңбегімізбен ізгілік қасиет еге алсақ, еңбегіміздің ақталғаны» деген сөзі – осының айғағы. Шынында да, тазалық – тек қоқыс жинау немесе аулаға гүл отырғызу емес, ол адамның мінез-құлқы, сөйлеген сөзі мен қарым-қатынасына дейін әсер ететін тұтас мәдениет.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты ерекшелігі – экологиялық іс-шараларды рухани құндылықтармен сабақтастыра жүргізуі. Бұл тәсіл балалардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырумен қатар, олардың адамгершілік қасиеттерін де қалыптастырады. Жас ұрпақтың ойы таза, сөзі әдепті, ісі жүйелі болса, қоғамның болашағы да жарқын болары анық. Елімізде бұл бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Мектептерде экологиялық сабақтар, семинарлар, сенбіліктер ұйымдастырылса, жоғары оқу орындарында эко-жобалар қолға алынуда. Мұның бәрі жастардың табиғатқа және қоғамға деген жауапкершілігін арттырып, азаматтық белсенділігін нығайтады. Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейіндегі тағылымды сабақ – жалпыұлттық бағдарламаның жергілікті деңгейде жүзеге асуының нақты үлгісі.




